Munarmedia.kz 26.01.2026 /Астана/-Жаңа Салық кодексінде шағын және микробизнеске қатысты нормаларды қайта пысықтау қажет. Мұндай пікірді AERC басқарушы директоры Евгения Пак білдірді.
Әңгіме, ең алдымен, B2B-сегментіне, яғни жалпыға бірдей белгіленген (ЖБР) және оңайлатылған (ОУР/СНР) салық режимдерінде жұмыс істейтін бизнестің өзара іс-қимылына әсер ететін ережелер туралы болып отыр.
«Бір жағынан, шынында да, ЖБР-дегі компаниялардың жеке кәсіпкерлермен (ЖК) B2B-форматтағы ынтымақтастығы арқылы еңбекақы қоры (ЕҚҚ) бойынша салықтан жалтару мәселесі баяғыдан пісіп-жетілген еді. Мұның салдарынан қызметкерлердің өздері де зардап шекті, өйткені ЖК-мен жасалатын шарттар аясында олардың әлеуметтік қорғалуы әлдеқайда төмен», – деді Е. Пак.
Экономистің айтуынша, бұған дейінгі заңнамада бизнес салықтық оңтайландыру үшін белсенді пайдаланған заңды олқылық болған. Бұл заң бұзушылық саналмағанымен, жағдай жүйелі шешімді талап еткен.
Сонымен қатар, Е. Пактың пікірінше, жаңа Салық кодексі олқылықтың өзін жоймай, керісінше, компаниялар арасындағы тұтас бір өзара іс-қимыл форматын экономикалық тұрғыдан тиімсіз етіп отыр.
«Яғни олқылықты неғұрлым дәл әрі экономикалық бейтарап тәсілмен жабудың орнына, мысалы, әр сала бойынша ЖБР-дегі ЖШС пен оңайлатылған режимдегі ЖК арасындағы ынтымақтастық еңбекақы қорынан жалтару емес, негізделген аутсорсинг болып саналатын қызмет түрлерінің тізбесін жасау арқылы (сайттарды әкімшілендіру, IT-қолдау, жарнама қызметтері, дизайн студияларының қызметі, тасымалдау қызметтері және т.б.), жаңа кодекс іс жүзінде ЖБР мен СНР арасындағы кез келген өзара әрекетке “салықтық айыппұлдар” енгізді», – деп қынжылды сарапшы.
Экономист жаңа Салық кодексі формалды түрде ЖБР-дегі компаниялардың оңайлатылған режимдегі ЖК-мен жұмыс істеуіне тыйым салмайтынын да атап өтті. Кәсіпкерлер бұрынғыдай келісімшарт жасасып, қызмет ақысын төлей алады.
«Алайда салық салу мақсатында мұндай шығындар енді компаниялардың салықтық базасын азайтпайды. Бұл ЖБР-де отырған бизнес өзіне тиесілі салықты толық көлемде төлеп қана қоймай, ЖК-мен байланысты кейбір шығындарды есепке ала алмауына байланысты қосымша жүктеме көтеруге мәжбүр деген сөз», – деді Е. Пак.
Осылайша, ЖБР-де жұмыс істейтін бизнес іс жүзінде салықты тек өзі үшін ғана емес, оңайлатылған режимдегі контрагенттері үшін де жанама түрде төлеп отыр.
Сарапшының пікірінше, бұл – кәсіпкерлік орта үшін өте өзекті әрі күрделі мәселе.