Munarmedia.kz 26.06.2025 /Астана/-Жаңа салық тәртібі аясында мобильді ақша аударымдарына қатысты қоғамда туындаған сұрақтарға ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов ресми түсініктеме берді. Оның айтуынша, жақын туыстар арасындағы ірі көлемдегі аударымдар — мысалы, анасының қызына немесе ұлының әкесіне жолдаған қаражаты — ешқандай салықтық күмән тудырмайды.
💬 «Егер анасы қызына, не болмаса әкесіне, бауырына ақша жіберсе – ешқандай мәселе туындамайды. Тіпті ол бір миллион, екі миллион теңге болса да, сұрақ қойылмайды», – деді вице-министр.
Сонымен қатар, Ержан Біржанов мобильді аударымның салықтық бақылауға түсуі үшін үш критерийдің бір мезгілде орындалуы қажет екенін атап өтті:
-
Аударымдар үш ай қатарынан 100 түрлі адамнан түсуі тиіс;
-
Бұл қаражаттардың барлығы бір ғана алушыға жолдануы тиіс;
-
Аударымдардың жиынтық сомасы 1 миллион теңгеден асып кетуі қажет.
💬 «Жыл сайын сізге ақша жіберетін 100 туысыңыз бар деп ойламаймын», – деп мысқылмен атап өтті вице-министр.
Министрлік мәліметінше, бұл жаңа шекті мөлшер — 1 миллион теңге — 2025 жылғы қыркүйек айынан бастап заңды күшіне енеді.
Осылайша, азаматтар арасындағы жеке сипаттағы аударымдар, әсіресе туыстар арасында жасалатын қаржылық көмек немесе отбасы ішіндегі ірі сома алмасулары салық органдарының назарынан тыс болады. Қаржы министрлігі бұл тетік негізінен жасырын кәсіпкерлік қызметпен айналысып, жүйелі түрде кіріс алып отырған тұлғаларды анықтауға бағытталғанын айтады.