Munarmedia.kz 05.12.2025 /Астана/ Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы (ЖАП) “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры мен оның еншілес компанияларындағы активтерді басқару кезінде анықталған заңбұзушылықтар жөніндегі толық мәліметті қоғамға ұсынудан бас тартты. Палата мұны тексеріс материалдарының “қызметтік пайдалануға арналған” ақпарат санатына жатқызылуымен түсіндірген, деп хабарлайды Informburo.kz.
Бұған дейін ЖАП аудиторлары холдинг қызметінде бірқатар жүйелі проблемаларды анықтаған болатын. Атап айтқанда, 326 компаниядан тұратын шамадан тыс үлкейген құрылым, оның ішінде 41 ұйымның 2024 жылды шығынмен аяқтауы, стратегиялық жоспарлаудың әлсіздігі, жоспарлардың орындалуын бақылаудың жеткіліксіздігі, ІТ-жүйелердегі ауытқулар, сондай-ақ кейбір инвестициялық жобалардың төмен тиімділігі көрсетілген.
Тексеру қорытындысы бойынша:
-
351,8 млн теңге көлемінде қаржылық бұзушылық,
-
122,2 млрд теңгенің тиімсіз шығыстары анықталған.
ЖАП бірқатар материалдарды әкімшілік іс қозғау үшін және құқық қорғау органдарына жолдағанын хабарлады. Алайда журналистердің нақты қандай бұзушылықтар тіркелгені жөніндегі ресми сұрауына палата аудит материалдары шектеулі қолжетімділік белгісімен жүргізілгендіктен жария етілмейді деп жауап берген.
Ведомствоның түсіндіруінше, бұқаралық ақпарат құралдарына таратылған пресс-релиздер тексерістердің нәтижесін толық қамтиды және таратуға рұқсат етілген жалғыз ресми ақпарат болып табылады.