Шығыс Қазақстан облысындағы құрылыс компаниясының екі топ-менеджері Өскемен қаласында көпқабатты тұрғын үй кешенін салу сылтауымен 1,8 миллиард теңге ұрлағаны анықталды. Бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ШҚО бойынша департаменті хабарлады.
Агенттік мәліметінше, күдіктілер құрылысқа үлестік қатысу туралы жалған келісімшарттарды 102 адаммен жасаған. Алайда бұл нысан ұзақмерзімді құрылысқа айналып, бірнеше мәрте мерзімі ұзартылғанымен, тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталмаған.
Сонымен қатар, АФМ мәліметінше, компания үлескерлерден қаржы тартуға қажетті рұқсат құжаттарына ие болмаған.
Күдіктілер сот санкциясымен қамауға алынып, тергеу изоляторына жабылды.
"Залалды өтеп, шығынды қайтару мақсатында күдіктілердің жалпы құны 2,3 миллиард теңгеге бағаланған мүлкіне тыйым салынды. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, басқа мәліметтер жариялауға жатпайды", – делінген АФМ хабарламасында.
Фото: ашық дереккөздерден.