1925 жылы 15-19 сәуір аралығында Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің бесінші бүкілқазақ съезі Ақмешіт қаласында өтті. Съезге жер-жерден сайланып келген 394 делегат шешуші дауыспен, 52 делегат кеңесші дауыспен қатысты.
Съездің күн тәртібінде қазақ халқына тарихи «қазақ» атауын қайтару мәселесі болған жоқ еді. 19 сәуірде таңертең өткен съездің 8-ші соңғы мәжілісінде тек Қазатком құрамы мен Бүкілресейлік Кеңестер съезіне делегаттар сайлау мәселесі қалған еді.
Бірақ қазақ қайраткерлерінің бейресми жиынында қабылданған ортақ шешімге сәйкес (кейбір естеліктерде С.Қожановқа осындай ұсынысты дастарқан басында Қ.Қожықов айтты деп көрсетіледі), күтпеген жерден сөз алған РК(б)П Қазөлкекомының екінші хатшысы С.Қожанов «киргиз» атанған қазақ халқына тарихи дұрыс атауын қайтару, республиканы «Қазақстан» деп атау және Ақмешіт атауын Қызылорда деп өзгерту туралы ұсыныстарды біртіндеп жариялады. Съезд делегаттары бұл ұсыныстарға орындарынан тік тұрып қызу қол шапалақтап, осы арқылы қолдау көрсетті. Осылайша 1925 жылы 19 сәуірде қазақ халқы өзінің тарихи атауын қайтару туралы шешім қабылдап, шешімді бекіту үшін Бүкілресейлік ОАК қарауына ұсынды. БОАК бұл шешімді 1925 жылғы 15 маусымда ресми түрде мақұлдаған декрет қабылдаған соң, шешім заңды күшіне енді. Осылайша қазақ халқы өзінің тарихи атауын қалпына келтірді.
Сәбит ШІЛДЕБАЙ,
Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты
1925 жылы қазақтарды қырғыз атаған Кеңес Үкіметінің қаулысы күшін жойды
