2024 жылы ел тұрғындары арасында аштық пен тамақ тапшылығына байланысты алаңдаушылық азайған. Бұл жөнінде EnergyProm деректеріне сүйене отырып, Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың тек 4,4 пайызы ғана ақша мен азық-түлік жетіспеуінен алаңдағанын айтқан. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 5,9 пайыз болған. Керісінше, жағдайға алаңдамайтындар көбейіп, олардың үлесі 90,4 пайызға жетті (2023 жылы — 88,7%).
Аштықты нақты сезінгендер қатары да азайды. Респонденттердің 0,7 пайызы тамақ ішкісі келіп, бірақ қаражат пен өзге де мүмкіндік болмағандықтан аш қалған (2023 жылы — 1,5%). Ал 0,6 пайызы тіпті бір күн бойы ас ішпеген (2023 жылы — 1,4%).
Сау тамақтануға мүмкіндік болмағандар саны да қысқарды: 2023 жылы мұндай жағдайды 3,6% айтса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2,4% ғана болды.
Орташа есеппен алғанда, қазақстандық отбасы жылына 1,8 миллион теңгені азық-түлікке жұмсайды (ай сайын шамамен 150,4 мың теңге). Оның үштен бір бөлігі етке, алтыдан бірі нан мен жармаға, тоғыздан бірі сүт өнімдеріне кетеді.
Өңірлер арасында азық-түлікке ең көп шығын Түркістан облысында тіркелген — жылына 2,3 миллион теңге. Бұл — елдегі орташа көрсеткіштен едәуір жоғары. Ең аз көрсеткіш Солтүстік Қазақстанда — 1,3 миллион теңге.
Сарапшылар мұны азық-түлік бағасының өсуімен байланыстырады. Айталық, шоколад бағасы соңғы кезде айтарлықтай шарықтап кеткен.