Munarmedia.kz 19.01.2026 /Астана/-Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2026 жылға арналған мұсылман мерекелерінің ресми күнтізбесін бекітті. Құжатта ислам әлемі үшін маңызды саналатын қасиетті айлар мен айт күндерінің болжамды даталары көрсетілген.
Бекітілген күнтізбеге сәйкес, қасиетті Рамазан айы 2026 жылдың 19 ақпанында басталады. Бұл ай — мұсылмандар үшін рухани тазару, сабыр мен қайырымдылыққа үндейтін ерекше кезең.
Қадір түні — Құран түскен қасиетті түн, 16 наурыздан 17 наурызға қараған түні өтеді. Ислам дәстүрінде бұл түннің сауабы мың айға татиды деп есептеледі.
Ораза айт мерекесі 20 наурызға белгіленген. Бұл күн Рамазан айының аяқталып, оразаның тәмамдалуын білдіреді. Айт күні мұсылмандар айт намазын оқып, бір-біріне ізгі тілек айтып, мұқтаж жандарға көмек көрсетеді.
Ал Құрбан айт 27, 28 және 29 мамыр күндері аталып өтпек. Үш күнге созылатын бұл мереке исламдағы ең маңызды діни мейрамдардың бірі саналады. Құрбан айтта шамасы келген мұсылмандар құрбандық шалып, оның етін мұқтаж жандарға таратады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы көрсетілген даталардың алдын ала екенін ескертті. Мұсылман күнтізбесі ай қозғалысына (лунарлық циклге) негізделгендіктен, мерекелердің басталуы бір күн алға немесе артқа жылжуы мүмкін. Соңғы нақты күндер ай көрінуіне байланысты қосымша хабарланады.
Дінтанушылардың айтуынша, мұндай күнтізбе қоғамға алдын ала жоспар құруға мүмкіндік беріп, діни рәсімдердің бірізді әрі үйлесімді өтуіне жағдай жасайды.