5,5 млн теңге шығын: Астанада TikTok-та «емші» болып танылған азаматқа үкім шықты

37

Munarmedia.kz 02.02.2026 /Астана/-Астанада өзін «емші» ретінде таныстырып, әлеуметтік желі арқылы азаматтарды алдаған қала тұрғынына сот үкімі шығарылды. Бұл туралы елорда прокуратурасы хабарлады.

Тергеу материалдарына сәйкес, ер адам TikTok әлеуметтік желісінде өзін экстрасенсорлық қабілеті бар «емші» ретінде көрсетіп, ақылы емдік қызметтер ұсынған.

«Әлеуметтік желілер арқылы жәбірленушілердің бірінің денсаулығына қатысты мәселелерін білген соң, оған өзінің магиялық қабілеті бар екенін айтып, белгілі бір ақыға “көмек” көрсете алатынын уәде еткен. Осы тәсілмен кінәлі үш жәбірленушіден жалпы сомасы 5,5 млн теңгеден астам қаржыны заңсыз иемденіп, оны букмекерлік кеңседе бәс тігуге жұмсаған», — делінген прокуратура хабарламасында.

Сот процесі барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, келтірілген залалды ішінара өтеген.

Сот үкімімен ол 2 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді.