Абай облысында әскери қызметші қызмет барысында қаза тапты.

84

Munarmedia.kz 06.03.2026/Astana/ — Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қайғылы оқиға әскери техниканы пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы салдарынан болған.

Оқиға 5 наурыз күні тіркелген. Қайтыс болған сарбаз келісімшарт негізінде әскери қызмет атқарған. Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметінің хабарлауынша, әскери қызметші ауыр жарақат алып, алған жарақаты өмірмен үйлеспейтін болып шыққан.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Оқиға орнында тиісті құзырлы органдардың өкілдері жұмыс жүргізуде.

Әскери ведомство қаза болған жауынгердің отбасына көңіл айтты.

— Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы мен жеке құрамы қаза болған әскери қызметшінің туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Марқұмның отбасына заңнамаға сәйкес барлық қажетті қолдау көрсетіледі, — деп мәлімдеді Абай өңірлік гарнизонының өкілдері.

Қазіргі уақытта тергеу органдары оқиғаның нақты себептері мен қауіпсіздік талаптарының сақталу деңгейін жан-жақты тексеріп жатыр.