АБД Қазақстанға 3,4 млрд юань көлемінде несие береді: АҚШ шешімге қарсы болды

34

Munarmedia.kz 08.07.2026. ASTANA – Азия даму банкі Директорлар кеңесі Қазақстанға 3,4 млрд юань (шамамен 500 млн АҚШ доллары) көлемінде 15 жыл мерзімге несие бөлуді мақұлдады. Оның ішінде алғашқы үш жыл жеңілдік кезеңі ретінде қарастырылған.

Қаржы мемлекеттік бюджетті басқару жүйесін жетілдіруге және қаржы секторындағы реформаларды жүзеге асыруға бағытталмақ.

Алайда бұл шешімге Америка Құрама Штаттары қарсы дауыс берген. Бұл туралы банктің 2026 жылғы 11 маусымдағы Директорлар кеңесі отырысының хаттамасында көрсетілген. Ал Азия даму банкінің ресми баспасөз хабарламасында несие валютасы нақты аталмай, тек 500 млн АҚШ долларына баламалы сома ғана жарияланған.

Ашық деректерге сәйкес, Азия даму банкінің ең ірі акционерлері – АҚШ пен Жапония. Әр мемлекет банк капиталының 15,6 пайыз үлесіне ие. Ал Қытайдың үлесі 6,4 пайызды құрайды.

Сарапшылардың пікірінше, юаньмен берілген несие Қытай ұлттық валютасын халықаралық деңгейде кеңінен қолдану стратегиясының бір бөлігі саналады. Бұған дейін, 2026 жылдың мамыр айында Қазақстан алғаш рет Қытай нарығында 3,4 млрд юань көлемінде жылдық 1,9 пайыздық мөлшерлемемен «панда-облигацияларын» орналастырған болатын. Ал сәуірде Самұрық-Қазына 3 млрд юань көлемінде жылдық 2,18 пайыздық мөлшерлемемен панда-бондтар шығарды.

Мамандардың айтуынша, Қытайдың қарыз нарығына шығу Қазақстанның Азиядағы қаржы жүйесіндегі орнын нығайтып, әлемдегі ең ірі борыштық нарықтардың біріндегі жаңа инвесторлар сегментіне жол ашады. Сонымен қатар бұл қадам республиканың сыртқы қарыз көздерін әртараптандыру мүмкіндігін кеңейтеді.

Еске салсақ, Азия даму банкінің Қазақстанға берген алдыңғы несиесі 2024 жылы жапон иенасымен рәсімделген болатын. Оның көлемі 52,3 млрд иенаны (шамамен 365 млн АҚШ доллары) құрады. Кейін иена бағамының әлсіреуі аталған қарызға қызмет көрсету шығындарын төмендетуге ықпал етті. Сарапшылар юань бағамының өзгерісі де болашақта осыған ұқсас әсер етуі мүмкін екенін айтады.

Сарапшылардың бағалауынша, АҚШ юаньмен берілетін несиеге қарсы дауыс бергенімен, Азия даму банкінің шешімі қабылданды. Бұл өз кезегінде банктің Қытайдың юаньды халықаралық есеп айырысулардағы балама валюта ретінде ілгерілетуіне мүмкіндік беретін алаңдардың біріне айналып келе жатқанын көрсетеді. Ал Қазақстан жаңа қаржылық құралдарды пайдалану арқылы сыртқы қарыз саясатын әртараптандыруды жалғастырып отыр.

#MunarMedia #Қазақстан #АзияДамуБанкі #АБД #Юань #Қытай #АҚШ #Экономика #Қаржы #ПандаОблигациялары