Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Әділетті Қазақстандағы әлсіздің соры

137



Мына қолдың бірі кемтар, бірі сау. Сау қолмен ептеп тірлік қылады екен, туа бітті тартылып қалған екіншісі оған жәрдемге жарайды, қатты қайырымға келмесе де. Байқасаңыз сау қолдың үсті жара, домбығып ісіп тұр. Ұрған, сүрген... Полициялар...
   Алматыдан жалғыз шықтым, Қонаевтың бағдаршамының тұсында бір жігіт тұр екен. Қол көтеріп, такси ұстап тұр. Бір көлік тоқтады да, оған мінбей қойды. Қолын сілтеп кете бер, кете бер деп ишарат қылды. Екіншісі мұны мінгізгісі келмеді-ау, асығыс жүріп кетті. Тоқтай салдым.
— Талдықорғанға ала кетіңізші, екі мың берем.
— Отыр — Сүйретіліп әзер мінді.Аузынан ішімдік иісі шығады. Қалтасынан 2500 теңге шығарып, екі мыңды маған беріп,бес жүзін қалтасына салды.
— Су алып ішпесем, Сарқанның таксилеріне жол пұлын үйден берермін,— деді.
— Ана екі көлікке неге мінбедің?
— Біріншісіне мінгім келмеді,артында кішкентай қыз бала отыр екен.Ішім алғам ғой, ұят болар. Екіншісі алғысы келмеді.
—Неге ішесің? —дедім ішкеніне ыңғайсызданып тұрғанына таңғалып.Ұяты бар екен өзінің дедім іштей.
—Ішкізіп жіберді.Аузыма құйды.
— Кім?
—Менттер
— Неге?
—Ой,ол ұзақ әңгіме деп бастады сөзін. Сөйтсем, Іле ауданына қарасты Байсеркенің қасында Қосөзен бе,Қосбұлақ па бір саяжай аймағына жұмысқа барыпты.Сварщик екен. Әкесі сотта істеген,өзі полицияда істейтін біреудің бастырмасын (навес) жасаған. Жұмыс біткен күні қожайын келген,қабылдап алған. Жарайсың деп арқадан қаққан, сыра әкеліп «шаршадың ғой»деп алдына қойған. Сырадан соң арақ келген.Оны төңкерген. Бір қараса бір топ инспектор кеп тұр.Әй-шәйға қарамай тиеп алып кетеді. Айықтырғышқа қамайды. Ұрып-соғады. Қысқасы еңбекақысын сұрамайтын қылып шығарады.Ертеңіне тағы да бір арзан арақ-шарапты зорлағандай ішкізіп, көшеге тастап кетеді. «Біреуге арызданар болсаң айдаладағы малды ауылға апарып, мал бақтырып, құл қып жібереміз» дейді. Содан байқұс ілдалап Қапшағай трассасына жетіпті. Басының бәрі томпайып-томпайып ісіп кетіпті,арқасында да сойыл ізі.Кирелеңдеп көлікке зорға мінгені түсінікті болды, жамбасы,белі ауырады.
   Жігіт мүгедек екен, туабітті ДЦП. Үш баласының біреуі тура өзі секілді кемтар. Әйелі жұмыссыз. Өзі қара жұмысқа шығып,нәпақа табады екен. Соткасынан ашып мүгедектік туралы құжаттарын көрсетіп жатыр, сенбей отыр деп ойласа керек.
—Әй,есеңді жіберіп отырамыз ба? Арызданайық,—дедім.Азар да безер болды.
— Блогер, журналистердіі шақырайын сұхбат бер,—дедім.Оған да көнбеді.«Өзім видео жазайын, қазір бәлніске барып үсті-басыңды тексертейік»десем онан да ат-тонын ала қашты.
— Аналар бай адамдар,басым бәлеге қалар, құрсын,бала-шағама кесірі тиер. Мекен-жайымды жазып алды,бір күні түнде кеп тиеп әкетсе не істеймін,— деп шошып отыр. Әбден қорқып қалған. Талдықорғанның автобекетіне жеткізіп тастадым. Берген екі мыңын қайырып бердім.«Жақсы болды ғой,ертең үстіне қосып штрафымды төлейін» дейді.«Не штраф» — десем,, Ілелік сақшылар қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін протокол толтырып, айыппұлды мойнына іліп жіберіпті.
  Е,«әділетті Қазақстан» , қайда барасың? Қайда барамыз?

Есболат Айдабосын