Бүгін Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде салтанатты іс-шара өтті. Оған Агенттік, Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының басшылығы мен қызметкерлері, мемлекеттік қызмет ардагерлері қатысты.
Іс-шарада сөз сөйлеген Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай қоғамда құқықтық сана мен мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, мемлекеттік қызметшілер үшін Ата заңымызда көрсетілген қағидаттарды мүлтіксіз ұстанудың, азаматтардың талаптары мен сұраныстарына сапалы жауап берудің өзектілігін атап өтті.
МҚІА төрағасы мемлекеттік қызмет саласына енгізілген жаңашылдықтарға сәйкес мемлекеттік қызметке білікті, дарынды және прогрессивті азаматтардың келуіне мүмкіндіктер жасалып отырғанын айтты. Ол мемлекеттік қызметке білікті кадрларды іріктеуді одан әрі жетілдіру, мемлекеттік қызметті адамға бағдарланған және сервистік сипатта ілгерілету, мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіру, мектеп жасынан бастап салаға қажетті жас таланттарды анықтау, қолдау және бейімдеу шараларын көздейтін мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа тұжырымдамасын сапалы жүзеге асыру қажеттілігіне тоқталды.
Шара соңында мелекеттік қызметке алғаш қабылданған қызметшілердің көпшілік алдында ант беру рәсімі өтті.