Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Академик Жұмаділдаев: Назарбаевтың тұсында Есімовке дейін "Еңбек ері" атанды...

52



Қазақтілді ортаға сыйлы, "абстрактілі тақырыптардан" аулақ жүретін академик Асқар Жұмаділдаевтың айтуынша Назарбаевтың ғалымдарға бүйрегі бұра бермейтін.

DALA INSIDE түнеукүні Тоқаевтың қолынан марапат алған ғалымның Assyltas арнасына берген сұхбатын шолып шыққан еді.

Республика күні қарсаңында президент Тоқаев Асекеңді "Қазақстанның Еңбек Ері" атағымен марапаттаған. Ғалымның айтуынша, бұл оның тұңғыш мемлекеттік ордені.

Ғалым ескі Қазақстанның дәуірлеп тұрған шағында да мұндай сый-құрметке ұсынылғанын жасырмайды, алайда әлдебір себеппен санаттан сызылып қала берген.



"Менде медаль болғанымен, мемлекеттік ордендер жоқ екен. Академия мені "Құрмет" орденіне ұсыныпты. Қомсынбағаным емес, "мұны жас балалар да алып жатыр ғой, олармен жағаласып жүргенім жарамас" деп едім, сөйтсем заң сондай екен. "Құрметті" кеудеңе таққасын, тағы бес жыл күтесің. Бірақ кейін Президенттің пәрменімен бұл шешім өзгертіліпті. Ақыр соңында, "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын алдым", – дейді Асекең.

Ғалым сол күнгі Астана көшесіндегі кептелістің кесірінен Ақордаға автобуспен баруға мәжбүр болған.

"Такси шақырып едім келмеді. Амал жоқ, автобусқа міндім. Бір студенттер танып қалып, сәлемдесті. Бір сағатқа жуық жүріп, Ақордаға әрең жеттім. Сол аралықта құттықтап қоңырау шалғандар көп болды, бірақ не үшін құттықтап жатқанын өзім білмеймін", – деп еске алды ол.

Академиктің айтуынша экс-президенттің ғалымдарға бүйрегі бұра бермейтін. Назарбаевтың заманында ғылым-білім қуған қауымға мұндай атақ сирек берілетін.

Ескі Қазақстанның кезінде Назарбаевтың немере інісі Ахметжан Есімовке дейін берілген "Еңбек ері" ғалымдарды айналып өте берген.



"Менің орденімнің арғы бетінде 52 саны таңбаланып тұр. Осы сәтке дейін бұл төсбелгі 52 адамның кеудесіне тағылыпты. Соның тең жартысын Назарбаев табыстаған екен. Бірақ Есімовке, ірі холдинг басшыларына, ұстаздарға, дәрігерлерге, ақын-жазушыларға берген екен. Ғалымдарға бұйырмаған. Мүмкін, осы санаттағы алғашқы лауреат мен шығармын", - дейді академик.

Бұған дейін сұхбатының бірінде Асқар Жұмаділдаев мырза "қазаққа ақын емес, технократ керек" деп, еліміздің технологиялық дамуға мұқтаж екенін атап өткен еді. Ғалымның экс-президентті ашық сынаған кезін еске түсіре алмай тұрмыз.

Дегенмен, Назарбаев билігінің соңында "шикізат емес, ақыл сататын заман туды" деген Жұмаділдаев Үкіметтің "ата-бабамыздың барлық байлығын бытырлатып сатып жатқанын" сынаған еді.