Қазақстандық блогер Алакөл мен шетелдегі (оның ішінде Египет пен Дубай) демалыстың бағасын салыстырып, әлеуметтік желіде өз тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, Алакөлде демалу қымбатқа түсіп қана қоймай, ұсынылатын қызмет сапасы да көңіл көншітпейді, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Блогер екі бағыттағы қонақүй бағаларына назар аудара отырып, мынадай мысал келтіреді:
«Алакөлде көлге қараған терезесі бар нөмір үшін екі ересек пен бір балаға тәулігіне 60 мың теңге сұрайды. Егер екі балаңыз болса, тағы 10 мың теңге қосылады – 70 мың теңге. Бұл тек жатын орынның бағасы. Тағам бағасы бөлек есептеледі. Үш уақыт ас ішу үшін ересектерге – 12 мың теңге, балаларға – 8 мың теңгеден қосылады. Төрт адам үшін 10 күнге есептесек, жалпы сомасы шамамен 1 миллион 100 мың теңге шығады», – деп жазады ол.
Блогердің айтуынша, дәл осындай демалысты шетелде әлдеқайда арзан әрі сапалы өткізуге болады.
«Біз Египетке төрт адам болып, 7 күнге 990 мың теңгеге бардық. Бұл сомаға бәрі кіреді: қонақүй, тамақ, тіпті алкогольдік сусындар да тегін. Ұшақ билеті мен әуежайдан трансферге дейін осы бағаның ішінде. Ал Алакөлге барсақ, жол шығыны бөлек, өз көлігіңмен жүруге немесе жеке ұшақ билетін алуға тура келеді. Сонда өз елімізде демалған шетелге шыққаннан қымбатқа түсіп тұр ма?» – деп түйіндеді ол.
Интернет қолданушыларының көпшілігі бұл пікірмен келісіп, ішкі туризмдегі баға саясаты мен қызмет сапасына қатысты сындарын білдіруде.