Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: ЕО-мен виза рәсімін жеңілдету, 5G интернет, құтқарушыларды марапаттау

36
Anadolu: Қазақстан мен Еупопалық одақ визалық рәсімдерді жеңілдету бойынша келіссөз бастады Аталған жаңалықты Еуроодақтың санкциялар жөніндегі халықаралық арнайы уәкілі Дэвид О'Салливан Қазақстанға сапары кезінде хабарлады. Ол сондай-ақ ЕО-ның Қазақстанмен қарым-қатынасы белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Бұл мәлімдемені Anadolu агенттігі бөлісті. – ЕО Қазақстанның ірі сауда серіктесі және тікелей шетелдік инвестициялардың ірі көзі болып есептеледі. Біз маңызды стратегиялық серіктестік орнаттық. Осы әріптестік аясында экономикалық ынтымақтастықты дамытып, ілгерілетуге күш саламыз, – деп келтірді арнайы өкілдің сөзін. Сонымен қатар, Дэвид О'Салливан визалық режимді жеңілдету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндаған. Егер бұл іс сәтті жүзеге асса, ынтымақтастық одан әрі нығая түспек. Trend: 2025 жылдың соңына дейін 5G ұялы байланысын енгізу жоспарлануда Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің бұл сөзіне сілтеме жасай отырып, келер жылдың соңына дейін 5G ұялы байланысына қосылуымыз мүмкін екенін Trend хабарлады. – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 5G ұялы байланысын енгізу 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Тұтастай алғанда, 2027 жылдың соңына дейін ұялы байланыс операторлары телекоммуникация саласына 450 млрд теңгеден астам (шамамен 980 млн доллар) инвестиция жасайтын болады, – деген министрдің сөзін келтіреді агенттік. 5G технологиясын одан әрі дамытуға қатысты «Кселл» және «Теле2» операторлары Астана, Алматы, Шымкент қаласында және облыс орталықтарында жұмыс атқарады. Қазір Қазақстанның 20 қаласында 1144 базалық станция орнатылған. Халықаралық мәліметтерге сәйкес, интернетті пайдаланатын халықтың үлесі дамыған елдер деңгейінде. 2020 жылға қарағанда республикада трафик 61,5%-ға, ал абоненттер саны 12,9%-ға өскен. Speedtest Ookla мәліметі бойынша, 2024 жылы сәуірде Қазақстандағы байланыстың орташа жылдамдығы 43,6 Мбит/с-ны құрап, әлемде 66-орында тұр. Бұл көрсеткіш Ресейге, Қырғызстан мен Өзбекстанға қарағанда жоғары. Сонымен қатар агенттік Жаслан Мәдиевтің «елімізде 6 290 ауыл бар, оның ішінде сымды интернет 2 606 ауылға жеткізілген. Ұлттық жоба шеңберінде байланыстың оптикалық желілерін 3010 ауылға қосу көзделіп отыр» деген сөзін алға тартқан. Ведомствоның мәліметінше, мобильді интернет Қазақстанның 4866 ауылында қолжетімді. Салықтық жеңілдіктер аясында 2023 жылы 1161 ауыл 4G технологиясына қосылған. Қалған 1424 ауыл бойынша жұмыс жалғасуда. Report: Қытаймен Орта дәлізді дамыту бойынша келісім бекітілді Қазақстан Сенаты түркі елдері арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағдарын (Орта дәліз) және аралас жүк тасымалын дамытуға бағытталған бірқатар халықаралық келісімдерді ратификациялады. Бұл туралы әзербайжандық Report мәлімдеді. Агенттіктің жазуынша, құжаттардың бірі екі ел аумағы бойынша контейнерлік пойыздармен тасымалдауды ұлғайту және жүк тасымалдаудың жыл сайынғы болжамдарын дайындауды көздейді. Басқа келісім Орта дәліз бағыттарында автомобиль, темір жол және теңіз көлік түрлерін тиімді пайдалануға негізделген. – Барлық құжаттың негізгі міндеті – халықаралық жүк тасымалы рәсімдерін жеңілдету және транзиттік-көліктік әлеуетті, халықаралық сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, – деп келтірді ҚР Парламент Сенатының хабарламасын. Агенттік 2024 жылдың алғашқы 4 айында Орта дәліз бойынша жүк тасымалдау көлемі өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға ұлғайып, 1,4 млн тоннаны құрағанын жазады. Ал 2023 жылы жүк тасымалдау көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 65%-ға ұлғайып, 2,7 млн тоннаны құраған. Транскаспий халықаралық көлік маршруты Қытай, Қазақстан, Каспий теңізінің акваториясы, Әзербайжан, Грузия және одан әрі Түркия мен Еуропа елдеріне өтетінін айта кетейік. Daryo: Қазақстан мен ECECACD есірткімен күрестегі ынтымақтастықты кеңейту жайын талқылады Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ECECACD төрағасы Александр Квасьневскиймен кездесіп, Шығыс және Орталық Еуропа, Орталық Азия елдерінің есірткі саясаты жөніндегі комиссиясымен өзара белсенді іс-қимыл жасауға дайын екенін айтты. Бұл жаңалықты Daryo өзбек медиасы жазды. Кездесу ECECACD-мен ақпарат алмасудағы ынтымақтастықты нығайтуға және нашақорлыққа, есірткі саудасына қарсы күрестегі үздік тәжірибелерді бөлісуге арналған. – Тоқаев есірткі құралдарын өндіру мен заңсыз сатуға қатысы бар адамдарды жазалауды қатаңдату мақсатында қазақстандық заңнаманы қайта қарау қажеттігін атап өтті. Бұл туралы ол Ұлттық құрылтайдағы сөзінде мәлімдеген, – деп жазды ақпарат құралы. Өз кезегінде Квасьневский есірткіге қарсы саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа бағдарламалар мен шараларды таныстырды. Екі тарап нашақорлықтың алдын алу және есірткінің заңсыз таралуына қарсы күрес бойынша бірлескен жұмыстарды қолға алуға келісті. Central Asia News: Су тасқынымен күрескен қазақстандықтар марапатталды ҚР Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көктемдегі су тасқынымен күресуде еңбек сіңірген құтқарушыларға, әскери қызметкерлерге, ішкі істер органдары мен әкімдік қызметкерлеріне алғыс айтты. Аталған жаңалықты Central Asia News жазды. Қасым-Жомарт Тоқаев биыл ел тарихындағы ең жойқын тасқын болғанын атап өткен. 10 өңірде төтенше жағдай енгізіліп, 19 мыңнан астам үйге зақым келген. Күштік құрылымдардың 63 мыңнан астам қызметкері су тасқынына қарсы күресіп, 120 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Ұлттық ерiктiлер желiсi де бiрiншi кезекте қажеттi өнiмдер мен заттарды жеткiзіп, елеулі рөл атқарды. Қиын-қыстау кезеңде бірлік пен ынтымақ көрсеткен Атырау облысының тұрғындары, кентаулық мектеп оқушысы мен басқа да белсенділер аталды. Президент сондай-ақ халықаралық компаниялар мен бауырлас мемлекеттерге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқан. – Ел мүддесі үшін жасалған еңбек пен ерлік ешқашан ұмытылмайды. Сондықтан бүгінгі марапатты халықтың сіздерге деген зор алғысы деп қабылдаған жөн, – деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін келтірді басылым. Рәсімде су тасқынының салдарына қарсы күреске елеулі үлес қосқан құтқарушылар, еріктілер, қоғам қайраткерлері, әскери қызметкерлер, дәрігерлер мен кәсіпкерлер марапатталды.