Munarmedia.kz 19.09.2025 ж. /Астана/-Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ны реформалау жөніндегі ұсынысын қолдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Қауіпсіздік Кеңесінің қазіргі құрамы заман талабына сай келмейді.
«Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы қазіргі әлемге сәйкес емес. Ол 1945 жылдың шындығына негізделген. Бұл тек қана заңдылық мәселесін емес, тиімділік мәселесін де туындатады», – деді Гутерриш.
Қазақстан басшысы бұған дейін де бірнеше мәрте халықаралық мінберлерден БҰҰ-ны реформалау қажеттігін ашық айтқан болатын. Әсіресе, 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев дамушы елдердің дауысы жаһандық деңгейде айқынырақ естілуі тиіс екенін мәлімдеген. Ол кезде Мемлекет басшысы: «Әлем бестіктен де үлкен», – деп Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты мүше елдердің шектелген тізімін сынға алған еді.
1 қыркүйек 2025 жылы ШЫҰ саммитінде сөйлеген сөзінде де Тоқаев БҰҰ-ның, әсіресе Қауіпсіздік Кеңесінің реформасын кейінге қалдыруға болмайтынын атап өткен:
«Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда біз БҰҰ-ны әмбебап әрі тәуелсіз ұйым ретінде қолдауымыз керек. Сонымен бірге оның негізгі органы – Қауіпсіздік Кеңесін реформалау уақыты келді. Реформа өте күрделі болатынын толық түсінеміз, бірақ басқа жол жоқ. Егер қазіргі буын бұл міндеттен бас тартса, БҰҰ-ға деген сенім түпкілікті жоғалуы мүмкін», – деген еді Президент.
Айта кету керек, Қауіпсіздік Кеңесін реформалау мәселесін 2000-жылдардың басынан бері түрлі мемлекеттер көтеріп келеді. Әр кезеңде БҰҰ Бас хатшылары да бұл қажеттілікті атап өткен. Алайда нақты қадамдар жасалмай келген. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Президентінің жүйелі, ғылыми тұрғыдан негізделген ұсыныстары халықаралық қауымдастық үшін маңызды бағдарға айналып отыр.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында Қазақстанның халықаралық жағдайға қатысты көзқарасын және БҰҰ реформасы жөніндегі нақты ұсыныстарын ұсынатынын хабарлаған болатын.
«Жақын уақытта Бас Ассамблеяның мерейтойлық сессиясында сөз сөйлеп, Қазақстанның халықаралық ахуал жөніндегі көзқарасын, соның ішінде БҰҰ реформасы жөніндегі ұсыныстарымызды таныстырмақпын», – деді Мемлекет басшысы.
Осылайша, 17 қыркүйекте Бас хатшы Гутерриштің Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажеттігін ашық айтуы кездейсоқтық емес. Керісінше, бұл – Қазақстан Президентінің идеясына қолдау көрсетуі деуге болады. Сарапшылардың пікірінше, алдағы 80-сессияда БҰҰ реформасына қатысты ұсыныстар нақты мазмұнға ие болуы әбден мүмкін.
Дастан ЕЛДЕС
«Қазақ үні»