Алматы әуежайында заңсыз дивидендтер төленген: мемлекетке 6,8 млрд теңге қайтарылды

22

Munarmedia.kz 29.01.2026 /Астана/ Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі жүргізген профилактикалық бақылау барысында Алматы халықаралық әуежайының қаржылық қызметінде елеулі заңбұзушылықтар анықталды.

Министрліктің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің мәліметінше, әуежай акционер мәртебесіне ие емес заңды тұлғаға 6,8 млрд теңге көлемінде дивидендтерді заңсыз төлеген. Алайда миллиардтаған қаржыны алған нақты заңды тұлғаның атауы Қаржы министрлігі тарапынан жария етілмеді.

Ведомствоның түсіндіруінше, мұндай төлемдер стратегиялық маңызы бар нысанның қаржылық тұрақтылығына кері әсер етіп, оның активтерін азайтуы әрі даму мүмкіндіктерін шектеуі ықтимал болған.

«Тексеру қорытындысы бойынша аталған қаражат толық көлемде әуежайдың шотына қайтарылды. Бұл қаржы әуежайды дамытуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталатын болады», — деп хабарлады Қаржы министрлігі.

Айта кетейік, Алматы халықаралық әуежайының тікелей акционері — «TAV Kazakhstan» ЖШС, ол Түркиядағы ірі әуежай операторы TAV Airports Holding компаниясының Қазақстандағы еншілес ұйымы болып табылады.

Ал түпкілікті бақылаушы тарап — Airports de Paris Group. Бұл — акцияларының шамамен жартысы Франция мемлекетіне тиесілі француз компаниясы.

Сонымен қатар Shishkin_like жобасының журналистері «TAV Kazakhstan» компаниясының артында тұрған күрделі корпоративтік құрылымды жан-жақты зерттеген. Олардың мәліметінше, Алматы әуежайына франциялық Airports de Paris Group айтарлықтай ықпал етеді, ал түркиялық бизнес өкілдері көбіне номиналды тұлғалар ретінде ғана көрінеді.

Зерттеуде сондай-ақ Алматы әуежайының соңғы бенефициарларының бірі ретінде БАӘ-нің мемлекеттік «Mubadala» қоры аталады. Бұл қордың Орталық Азия бағыты бойынша қызметін Искандер Карим үйлестіреді. Ол — мемлекетке опасыздық жасағаны үшін сотталған, бұрынғы премьер-министр әрі ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің ұлы.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай стратегиялық инфрақұрылым нысандарындағы қаржылық ашықтық пен бақылауды күшейту қажеттігін тағы бір мәрте көрсетіп отыр.