Алматы облысында 19 жастағы сарбаз қайғылы жағдайда қаза тапты: отбасы шындықтың жасырылып отырғанына сенімді

49

Munarmedia.kz 19.09.2025 ж. /Астана/-Әлеуметтік желіде жарияланғандай, Алматы облысында әскерде қызмет еткен 19 жастағы Дінмұхамед Шынарбек көз жұмды. Қайғылы хабарды марқұмның әпкесі Енлік Қалтаева жеткізді. Оның айтуынша, отбасы бұл оқиғаның нақты мән-жайы жасырылып отыр деп есептейді.

Қалтаеваның жазуынша, 2024 жылдың күзінде әскер қатарына Даниял Шынарбек шақырылған, ал көктемде оның егіз бауыры Дінмұхамед әскерге аттанған. Екеуі де Жамбыл облысындағы Отарда қызмет еткен. Алайда ант қабылдағаннан кейін Дінмұхамед Алматы облысы Жамбыл ауданында орналасқан №01098 әскери бөлімге (Матибұлақ) ауыстырылған. Дәл осы жерде қайғылы оқиға тіркелген.

17 қыркүйек күні отбасыға Дінмұхамедтің өз-өзіне қол жұмсағаны хабарланған. Ол 29 тамызда небәрі 19 жасқа толған еді.

«Табанды, еңбекқор, болашаққа үлкен армандары бар еді. Біз бұл жағдайды суицид деп қабылдай алмаймыз. Отбасы ретінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа жүгінеміз: бұл істі өз бақылауыңызға алыңыз. Неліктен бейбіт заманда мұндай жас жігіттер қаза табуда? Бізге шындық пен әділет қажет», – деп жазды марқұмның әпкесі.

Бұл оқиғаға қатысты ҚР Қарулы күштерінің Құрлық әскерлері ресми түсініктеме берді. Ведомство дерегінше, факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, арнайы комиссия барлық жағдайды анықтау үшін оқиға орнына жіберілген.

«Бас қолбасшының тапсырмасымен арнайы комиссия жіберілді. Қазіргі таңда тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», – делінген Құрлық әскерлері баспасөз қызметінің хабарламасында. Марқұмның отбасына көңіл айтылып, қажетті көмек көрсетілетіні айтылды.

Еске сала кетсек, 2024 жылы Қорғаныс министрлігі әскерге шақырылғандардың санын 39 180-нен 40 202-ге дейін арттырған еді. Заңға сәйкес, 18 бен 27 жас аралығындағы, кейінге қалдыруға немесе әскерден босатуға құқығы жоқ ер азаматтар әскери қызметке тартылады. Мәселен, 2023 жылы 37 056 сарбаз, ал 2022 жылы шамамен 35 мың азамат әскер қатарына алынған.

Алайда соңғы жылдары әскердегі суицид мәселесі қоғам назарын жиі аударуда. Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиевтің 2024 жылғы Бас әскери прокуратура деректеріне сүйене отырып жариялаған мәліметіне сәйкес, соңғы төрт жылда әскер қатарында 86 өз-өзіне қол жұмсау және 20 суицидке әрекет жасау фактісі тіркелген. Әскери ведомство мұндай жағдайлардың негізгі себебін жеке, отбасылық немесе материалдық қиындықтармен түсіндіреді. Дегенмен кейбір оқиғалардың себептері анықталмайды немесе ашық айтылмайды.

Фото: @enlik_kaltaeva