Алматы облысында экс-депутат 2,6 млрд теңге агросубсидияны жымқырды деген күдікке ілінді

16

Munarmedia.kz.06.07.2026. ASTANA – Алматы облысында Қарасай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бөлінген бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқырды деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді.

Тергеу мәліметінше, күдікті өнеркәсіптік таңқурай алқаптарын отырғызуға арналған элиталық сұрыптағы таңқурай көшеттерін сатып алуға субсидия алу үшін жалған құжаттар рәсімдеген.

Агенттік дерегіне сәйкес, ол өзіне бағынысты кәсіпорындар мен Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында тіркелген 29 шаруа қожалығын пайдалану арқылы қылмыстық схема ұйымдастырған. Соның нәтижесінде мемлекеттен 2,5 млрд теңгеден астам субсидия заңсыз алынған.

Тергеу барысында жымқырылған қаражаттың бір бөлігі экс-депутаттың жұбайының атына ашылған брокерлік шот арқылы қор нарығындағы бағалы қағаздарды сатып алуға жұмсалғаны анықталды.

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжанның айтуынша, бұдан бөлек 400 млн теңге «iSolutions Capital» микроқаржы ұйымына уақытша қаржылай көмек ретінде аударылған. Кейін бұл қаражат күдікті тарапынан кезең-кезеңімен қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Сондай-ақ тергеу дерегіне сәйкес, ұрланған қаражаттың 170 млн теңгесі Қонаев қаласындағы казиноларда құмар ойындарға жұмсалған.

Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне, атап айтқанда төрт пәтерге, үш автокөлікке, жеке тұрғын үйге және бағалы қағаздарға тыйым салынды.

Қазіргі уақытта үш күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Қылмыстық іс бойынша жиналған материалдар сот қарауына жолданды.

#MunarMedia #ASTANA #ҚМА #АлматыОблысы #Қарасай #Субсидия #АӨК #ҚаржыМониторингі #Сот #Қазақстан