Munarmedia.kz 14.01.2026 /Астана/ – Алматы облысында өткен оқу-жаттығу атыстары барысында Ұлттық ұланның мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қауіпсіздік талаптарын бұзу салдарынан аяқ тұсынан жеңіл оқ жарақатын алды. Бұл туралы Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 13 қаңтар күні сағат 15:05 шамасында жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес 5571 әскери бөлімінің оқу полигонында оқу атыстары өткізілген. Қауіпсіздік шараларының сақталмауы салдарынан 2–2025 шақырылымының мерзімді қызметтегі сарбазы, қатардағы Г. АК-74 автоматынан сол жақ аяғына жанай тиген оқ жарақатын өзіне өзі салған.
Оқиға орнында оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін шұғыл түрде Қонаев қалалық ауруханасына жеткізілген.
Ресми дерекке сәйкес, әскери қызметшінің жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Аталған факті бойынша қызметтік тексеріс тағайындалды.
Фото дереккөзі: ашық дереккөздер