Алматыда 2026 жылдың қаңтар айынан бастап ұшқышсыз жеткізу қызметінің пилоттық жобасы іске қосылады.

61

Munarmedia.kz 30.12.2025 /Астана/ –Алматы қаласында жасанды интеллект саласына жауапты министрлік пен Freedom Lifestyle компаниясы ниет туралы меморандумға қол қойды. Ведомство мәліметінше, бұл – Қазақстанда қолға алынған осындай форматтағы алғашқы жоба.

Пилоттық іске қосу 2026 жылдың қаңтар–наурыз айлары аралығында жоспарланып отыр. Жоба аясында дрондар салмағы 10 келіге дейінгі жүктерді, соның ішінде азық-түлік, күнделікті тұтыну тауарлары мен дәрі-дәрмектерді жеткізеді. Жеткізу радиусы қаланың жоғарғы және орта бөлігінде орналасқан екі нүктеден 3 шақырымға дейінгі аумақты қамтиды.

Ұшу тек күндізгі уақытта және қолайлы ауа райы жағдайында жүзеге асырылады. Қала тұрғындарына қолайсыздық тудырмау үшін дрондардың бағыттары негізінен саябақтар мен жасыл аймақтардың үстімен жоспарланған.

Қауіпсіздік мақсатында дрондар интернет байланысы болмаған жағдайда да ұшуды жалғастыра алады. Олар парашюттермен жабдықталған, сондай-ақ штаттан тыс жағдайлар туындаған кезде базалық нүктеге автоматты түрде қайту немесе қауіпсіз қону жүйелерімен қамтамасыз етілген.

Дрон арқылы жеткізу қызметіне арналған операторларды даярлау 2025 жылдың қыс мезгілінде басталған. Сол кезеңде технологияны зертханалық жағдайда сынақтан өткізу жұмыстары да қолға алынған.