Munarmedia.kz.17.07.2025 ж. /Астана/-Алматыда Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесіне байланысты өткен жылғы наразылықтар аясында ұсталған бес белсендінің ісі бойынша сот процесі басталды. Бұл туралы Exclusive.kz порталы Elmedia-ға сілтеме жасап хабарлады.
Атап айтқанда, Нұрлан Жәулібаев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев пен Айдар Мұбараков 2024 жылдың қыркүйегінде, елде АЭС салу жөніндегі референдумға дайындық қызу жүріп жатқан тұста ұсталған болатын. Сол кезден бері тоғыз ай өтсе де, олар әлі де қамауда отыр.
Тергеу органдары белсенділерге "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға талпыну" бабы бойынша айып тағып отыр. Алайда әзірге айыптаудың нақты мазмұны мен дәлелдері жарияланған жоқ.
Қорғаушылардың мәліметінше, айыпталушылардың барлығы соттан бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыруды және әрқайсысына туыстарының арасынан қоғамдық қорғаушы тағайындауды сұраған. Алайда сот олардың бұл өтінішін қанағаттандырмады. Сот ұйғарымында үйқамаққа ауыстыруға негіз жоқ деп көрсетілген.
Аталмыш іс қоғамда үлкен қызығушылық тудырып отыр. Себебі АЭС құрылысы тақырыбы – ел ішінде өткір пікірталасқа себеп болған өзекті мәселе. Сарапшылардың пікірінше, бұл іс тек құқықтық ғана емес, саяси сипатқа да ие болуы мүмкін.
Сот отырыстары жалғасуда. Munarmedia.kz бұл істің барысын назарда ұстап, оқырмандарға алдағы уақытта толық ақпарат ұсынатын болады.