16.06.2026. ASTANA. Munarmedia.kz – Алматы қаласының прокуратурасы «Қыздар.net» интернет-ресурсының болжамды ұйымдастырушылары ұсталғанын мәлімдеді. Тергеу мәліметінше, аталған сайт 2011 жылдан бері ақылы интимдік қызметтерді жарнамалау және ұйымдастыру мақсатында пайдаланылған.
Құқық қорғау органдары күдіктілердің әрекетін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 309-бабы 2-бөлігі бойынша, яғни жезөкшелікпен айналысуға арналған притондарды ұйымдастыру немесе ұстау, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер көрсету және жеңгетайлық фактілері бойынша саралаған.
Прокуратураның хабарлауынша, жүргізілген тінту барысында күдіктілерден ірі көлемдегі ақша қаражаты, цифрлық активтер, компьютерлік техника және іске қатысты өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленген.
Алдын ала есеп бойынша заңсыз жолмен алынған табыс көлемі 2 миллиард теңгеден асқан. Ал Ішкі істер министрлігінің дерегіне сәйкес, күдіктілердің ай сайынғы табысы шамамен 500 миллион теңгені құраған.
Тергеу барысында ұсталғандардың IT саласында жұмыс істейтін компаниялардың бірінің негізін қалаушылар екені анықталған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, олар аталған портал арқылы бағдарламалық шешімдерді әзірлеп, сынақтан өткізіп отырған. Кейін бұл технологиялар қызмет көрсету саласындағы заңды IT өнімдерін жасау кезінде пайдаланылған.
Айта кетейік, бұған дейін, 2023 жылдың сәуір айында сол кездегі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі аталған ресурсты бұғаттау қиынға соғып отырғанын мәлімдеген еді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, сайт бұғатталған жағдайда басқа домендік атауларға жылдам көшіп отырған. Сонымен қатар ресурс иелері қолжетімділікті шектеу шараларын айналып өтудің түрлі тәсілдерін қолданғандықтан, олардың жеке басын анықтау ұзақ уақыт бойы мүмкін болмаған.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмеді.
#Қазақстан #Алматы #Прокуратура #ІІМ #ҚыздарNet #ҚылмыстықІс #IT #Киберқауіпсіздік #Заң #MunarmediaKZ