Алматыда «сюцай сектасының» ілгерілеу әрекеті туралы хабарланды

24

Munarmedia.kz 12.10.2025 /Астана/ Telegram-арнасы OK Channel-да жарияланған жазбада, Алматы қаласындағы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының филиалы аталған «сюцай сектасы» өкілдерімен байланысты тренинг өткізуді жоспарлағаны туралы мәлімет тарады, деп хабарлайды Exclusive.kz.

Пост авторлары бұл жағдайды мемлекеттік құрылымдардың қатысуымен күмәнді тәжірибелерді насихаттаудың мысалы ретінде бағалады.

«Алаяқтар сектасын ілгерілету мемлекеттік деңгейге шықты. Үкімет тең құрылтайшысы болып табылатын Алматыдағы „Атамекен“ филиалы, кәсіпкерлердің жарнасы түсетін ұйым, бизнес өкілдерін сюцай сектасына тартуға шешім қабылдаған», — делінген жазбада.

Авторлар егер тренинг тоқтатылмаса, палата басшылығына және Бас прокуратураға ресми түрде жүгінетінін мәлімдеді.

«Егер бұл тренинг өтетін болса, мен „Атамекен“ ҰКП төрағасы Раимбек Баталовқа және Бас прокуратураға жүгінемін. Мемлекеттік деңгейде алаяқтық әрекеттерге қатысы барлардың бәрін қылмыстық жауапкершілікке тарту керек», — дейді арна авторлары.

Олардың мәліметінше, тренингті Ресей азаматы Сергей Теплых жүргізбек болған. Ол өзін түрлі халықаралық марапаттар мен атақтардың иегерімін деп көрсетеді. Алайда жарияланымда бұл атақтардың барлығы жалған екені және ресми дереккөздерде расталмағаны нақты жазылған.

  • «БҰҰ-ның Бейбітшілік елшісі» деген атақ мүлде жоқ; бар болғаны «UN Messengers for Peace» мәртебесі ғана бар және онда Сергей Теплыхтың аты кездеспейді.

  • «Цифролог года — 2019» деген марапат та шындыққа жанаспайды — ондай сыйлық мүлде жоқ.

  • «Золотой орден миротворца» деген де ойдан шығарылған.

  • Brics Award of Honor атауы жоқ, BRICS тарапынан берілетін ресми марапаттардың ешқайсысында оның есімі тіркелмеген.

Жарияланым шыққан соң арна авторлары Алматы филиалының басшылығымен байланысқанын, ал палата өкілдері тренинг туралы хабарландыруды өшіріп, іс-шараны ресми түрде тоқтатқанын хабарлады. Филиал директоры мұндай мазмұндағы іс-шаралар енді өткізілмейтінін айтты.

Арна авторлары бұған дейін де елордада «сюцай» өкілдерімен байланысты ұқсас жағдай болғанын еске салды.

«Бір-екі жыл бұрын Астанада „Аманат“ партиясының филиалымен байланысты оқиға болды. Бас „сюцаист“ өзін Президент Тоқаев марапаттады деп мақтанған. Кейін бұл жалған екені анықталып, филиал полицияға жүгінеміз дегенімен, іс қозғалған жоқ», — деп жазылған постта.

Мәтін соңында авторлар азаматтарды мұндай күмәнді тренингтерге бей-жай қарамауға, егер олар мемлекеттік органдардың, компаниялардың немесе саяси партиялардың атынан өткізілсе, қоғамдық және құқықтық шара қолдануға шақырды.

«Мұндай секталық тренингтерді көрсеңіздер, кем дегенде жария түрде назар аударыңыздар, ал ең дұрысы — құқық қорғау органдарына хабарласыңыздар», — делінген жазбада.

UPD: «Атамекен» ҰКП Алматыдағы тренингке қатысты ақпаратқа ресми түсініктеме берді.

Фото: iStock