Алматыдағы оқиғадан кейін Ақмола облысында да "Атажұрт" өкілдері ұстала бастады

280

Алматыда Әлімнұр Тұрғанбайды босатуды талап етіп, 12 белсенді қамалғаннан кейін Ақмола облысында да “Атажұрт” өкілдері ұстала бастады. Бұл жөнінде Азаттыққа тіркелмеген партияның мүшесі, заңгер Нәзигүл Мақсұтхан хабарлады.

“Төрт адам ұсталды. Тағы бір адамға дүйсенбі күнге полицияға шақырту берді. Үш адамды “Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деп айыптап, 10 тәулікке қамады. Бұлар: Табысхан Мағұрыпхан, Ахат Мұқамет және Нұрмахан Жандарбеков. Үшеуі Малиновкада қамалып жатыр. Төртінші адам Ағыбай Мұхаметханның соты өткен жоқ. Ол Шортандыда қамауда” деді жексенбі күні Нәзигүл Мақсұтхан Азаттыққа

Оның айтуынша, ұсталған белсенділердің кейбіріне “Әблязовтың жазбасының астына комментарий жазып, митингіге шақырдың деп айыптаған” және белсенділерге “дәлел ретінде” “мүлде бөтен жазбаларды” көрсеткен. Шортанды аудандық полициясынан Азаттық әзірге жауап ала алмады. Бұған дейін Алматы облысында Қытай полициясы ұстап отырған Әлімнұр Тұрғанбайды босатуды талап еткен оннан астам адамның қамалғаны белгілі болған еді. Олар қарсылық ретінде Қытай туы мен Қытай басшысының суретін өртеген. Ізінше соттың 12 адамды қамағаны, одан бөлек тағы алты адамға айыппұл салғаны белгілі болған. Қамалғандардың "Атажұрт" өкілдері екені айтылған. Тіркелмеген "Атажұрт" партиясы Шыңжаңдағы қазақтар мен Қазақстанға оралған қандастардың құқықтарын қорғаумен айналысады. Ұйым бұған дейін екі рет тіркеуге өтініш берген, алайда сол күйі тіркеле алмады.