Алматы қаласының жаңа әкімі Дархан Сатыбалды қызметіне ресми кіріспей тұрып-ақ, қала тұрғындарына бірқатар уәде берді. Қалалық мәслихат сессиясында сөйлеген сөзінде ол мегаполистің басты проблемаларын атап көрсетіп, оларды шешуге бағытталған нақты жоспарларын ұсынды.
«Алматы — тарихы терең, рухы бөлек, мүмкіндігі мол қала. Бірақ бүгінде ол күрделі мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Экология, көлік жүктемесі, инженерлік желілердің тозуы, ауызсу тапшылығы мен бейберекет құрылыс — шешімді қажет ететін өзекті түйткілдер», — деді әкім.
Дархан Сатыбалды өз жұмысын мына бес басым бағытта жүргізетінін мәлімдеді:
1. Экология және көлік жүйесі
Ауаның ластануын азайту, жолдардағы кептелістерді жеңілдету үшін қоғамдық көлікті дамыту, қала көгалдарын көбейту және экологиялық технологияларды енгізу қолға алынады.
2. Қалалық инфрақұрылымды жақсарту
Су, жылу және электрмен қамту жүйелері жаңартылып, тұрғын үйлердің сейсмикалық төзімділігі арттырылады. Сонымен қатар, аулалар мен қоғамдық кеңістіктер абаттандырылады.
3. Кәсіпкерлікті қолдау
Шағын және орта бизнеске жағдай жасау, IT саласы мен стартаптарға серпін беру, туризм мен шығармашылық индустрияны дамыту күн тәртібінде тұр.
4. Әлеуметтік инфрақұрылым
Жаңа мектептер мен ауруханалар салу, қолданыстағыларын жаңарту жоспарланып отыр. Әлеуметтік осал топтарға ерекше көңіл бөлінеді.
5. Ашықтық және халықпен байланыс
Жаңа әкім қала тұрғындарымен тікелей кері байланыс орнатып, жиі кездесіп тұруға уәде берді:
«Мен дайындалған іс-шараларға ғана бармаймын. Шынайы өмір жүріп жатқан аулаларға, мектептерге, базарларға, көшелерге барамын», — деді Сатыбалды.
Дархан Сатыбалды Алматы қаласының әкімі болып 2025 жылғы 24 мамырда тағайындалды. Оның кандидатурасын қалалық мәслихат депутаттары қолдап, шешімді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекітті.
Фото: Дархан Сатыбалдының Instagram парақшасынан