Munarmedia.kz.08.09.2026.ASTANA Қонаев қаласының соты «Amanat Drive» қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген іс бойынша үкім шығарды. Бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сот шешімімен Шүкен Қ.К. кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Үрәтбек М.С.-ға 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті жүргізген сотқа дейінгі тергеу барысында қаржы пирамидасына 8 мыңнан астам салымшы тартылғаны анықталған. Олардың жалпы салған қаражаты 21 млрд теңгеден асқан.
Тергеу мәліметінше, ұйымдастырушылар азаматтарға жылжымайтын мүлік пен автокөліктерді тартымды шарттармен сатып алуды ұсынған. Атап айтқанда, пайыз төлемей, кейін бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған.
Қаражатты заңдастыру схемасы
Тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру үшін бақылаудағы заңды тұлғалар пайдаланылғаны анықталған.
Олардың қатарында «Алло, не керек» ЖШС, «I M@RKETING» ЖШС және «Gold SapaPremium» ЖШС болған.
Бұл компаниялар жарнама, сондай-ақ жылжымайтын мүлік пен көлік нарығындағы талдау және болжам жасау сияқты қызметтерді көрсететін жалған жеткізушілер ретінде пайдаланылған.
Жалған келісімшарттар негізінде 1,8 млрд теңгеден астам қаражат шығарылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Тергеу мәліметіне сәйкес, сотталғандар тартылған қаражат есебінен екі пәтер мен үш Lexus автокөлігін сатып алған. Мүлікті ықтимал тәркілеуден жасыру мақсатында олар сенімді тұлғалардың атына рәсімделген.
Сот аталған мүлікті мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім қабылдады.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
#Munarmedia #Қазақстан #Қонаев #AmanatDrive #ҚаржыПирамидасы #ҚаржыМониторингі #ҚМА #АлматыОблысы #Сот #Қылмыс #21МлрдТеңге #1_8МлрдТеңге #Тәркілеу #Lexus