Amnesty International «Атажұрт» белсенділер тобына тағылған айыптарды алып тастауды талап етті

21

Munarmedia.kz 23.01.2026 /Астана/-Оларға тағылған қылмыстық бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі бар.

Тіркелмеген «Атажұрт» партиясының 19 белсендісіне қатысты сот процесі басталар алдында халықаралық құқық қорғау ұйымы Amnesty International оларға тағылған айыптарды алып тастауды талап етті. Белсенділерге «араздықты қоздыру» айыбы тағылып отыр. Ұйымның пікірінше, Қазақстанда «өштестік пен жеккөрушілікті қоздыру» туралы айыптар қайтадан басқаша ойлайтындарды басып-жаншу құралы ретінде қолданылуда.

«Қазақстан билігі қылмыстық заңнаманы жауапсыз әрі орынсыз қолдануды дереу тоқтатуы және халықаралық адам құқықтары стандарттары тікелей талап ететін қадамдарға баруы тиіс: бұл негізсіз айыптарды алып тастап, “Атажұрт” қозғалысының барлық ұсталған белсенділерін шұғыл түрде босату қажет. Бейбіт наразылық билік басындағыларға қолайсыз болғаны үшін қылмысқа жатпайды — тіпті бұл қолайсыздық Қытай секілді ықпалды геосаяси ойыншының көңілінен шықпау қаупімен байланысты болса да», – деді Amnesty International ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Мари Стразерс.

Өткен жылдың 13 қарашасында «Атажұрт» белсенділері Алматы облысындағы дала жолының бойында акция өткізіп, Қытай билігін сынға алып, шілде айында Қытайда жұмыс барысында ұсталған этникалық қазақ Алимнұр Тұрғанбайды Қазақстанға қайтаруды талап еткен. Акция барысында олар Қытайдың үш туын және ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің портретін өртеген.

Акциядан кейін белсенділер алдымен «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, кейіннен «араздықты қоздыру» айыбы тағылған. Бұл бап бойынша оларға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қазіргі уақытта айыпталушылардың 13-і қамауда, ал тағы алтауы үйқамақта отыр. Олардың ісі бойынша сот отырысы жұма күні Талдықорған қаласында басталады.

Бұған дейін Human Rights Watch, Адам құқықтары жөніндегі халықаралық серіктестік (IPHR) және Қазақстандағы Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро (ҚХБ) секілді өзге де құқық қорғау ұйымдары ұсталған белсенділерді босатуға шақырған болатын.