Ақмола облысы Бурабай ауылында мектеп директоры қызметінен босатылды

38

Munarmedia.kz 03.02.2026 /Астана/-Ақмола облысының Бурабай ауылындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру барысында өрескел заңбұзушылықтар анықталды. Бұл туралы Бурабай аудандық прокуратурасы жүргізген тексеру нәтижесінде белгілі болды.

Қадағалау органы мәліметінше, мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы болып танылған жеткізуші құжат жүзінде ғана персонал көрсеткен. Атап айтқанда, конкурс материалдарында аспаздар мен қызмет көрсетуші жұмысшылар бар деп көрсетілгенімен, іс жүзінде бұл адамдар аталған кәсіпкерде ешқашан жұмыс істемеген.

Алайда заңбұзушылықтар мұнымен шектелмеген. Келісімшартты алған соң, кәсіпкер өз міндеттемелерін орындамай, оларды ешқандай заңды негізі жоқ үшінші тұлғаға берген. Ал бұл тұлға асханалық жұмыстарға бұрын ата-ана құқығынан айырылған және ішімдікке әуестігі бар адамдарды тартқан.

Осылайша, мектеп оқушыларының тамағы кездейсоқ әрі сенімсіз адамдарға тапсырылған.

Сонымен қатар, мектеп әкімшілігі жеткізушіні тиісті түрде тексермей, оны жұмысқа жіберген. Қауіпсіздік талаптары мен қарапайым бақылау шаралары ескерусіз қалған.

Прокуратураның араласуынан кейін аталған келісімшарт бұзылды. Жеткізушіні мемлекеттік сатып алулардың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап арыз сотқа жолданды.

Тексеру қорытындысы бойынша мектеп директоры қызметінен босатылды. Конкурс комиссиясының мүшелері мен аудандық білім бөлімінің бір қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.