Munarmedia 27.01.2026 /Астана/ Мемлекеттің мүгедектігі бар адамдарға көрсетіп отырған қамқорлығының бағасы – осы.
Ақмола облысының прокуратурасы 2024–2025 жылдар аралығында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманың сақталуына жүргізілген талдау қорытындысы бойынша бірқатар өрескел заңбұзушылықтарды анықтады.
Өңірде әлеуметтік және еңбекке бейімделуді қажет ететін 29 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Олардың шамамен төрттен бірі еңбек етуге қабілетті әрі жұмыс істеуге ниетті.
Алайда жергілікті атқарушы органдар бастапқыда оларды жұмыспен қамту үшін небәрі 34 квоталық жұмыс орнын ғана белгілеген.
«Мүгедектігі бар адамдардың еңбек етуге және экономикалық өмірге араласуға құқығы заңнамамен бекітілген. Жұмыс орындарына арналған квоталар еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі азаматтардың саны мен еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып белгіленуі тиіс. Алайда бұл квоталарды айқындау барысында жүйелі әрі негізделген жұмыстың болмауы мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарының бұзылуына және мемлекеттік әлеуметтік саясаттың беделіне нұқсан келтірді», – деп атап өтті өңір прокуратурасы.
Прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде 2026 жылға мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға арналған квота 117 жұмыс орнына дейін ұлғайтылды.