Munarmedia.kz 03.02.2026 /Астана/ Ақмола облысында жүздеген үлескер әлі күнге дейін өз үйлеріне қол жеткізе алмай отыр. Қазіргі таңда өңірде ресми түрде үш проблемалы тұрғын үй нысаны тіркелген. Олардың барлығы аймақтың «сақалды құрылыстар астанасы» аталып кеткен — Қосшы қаласында орналасқан.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысы Рауан Шаймерденовтің айтуынша, өткен жылдың жазының өзінде мұндай нысандардың саны төртеу болған.
Солардың бірі — бастапқыда «Сиреневый сад», кейін «Ынтымақ» деп аталған тұрғын үй кешені. Бұл нысанның жолы болған деуге болады: жаңа инвестор тартылып, құрылыс аяқталып, 2025 жылдың 5 маусымында пайдалануға берілді. Нәтижесінде, құрылыс басталғанына 11 жыл өткен соң жүзден астам отбасы пәтер кілтін алды.
Бұл — ұзаққа созылған құрылыстың кезекті мерзім шегерілуімен емес, нақты қоныстоймен аяқталған сирек жағдайлардың бірі.
Алайда жағымды жаңалықтар осымен тәмам. Әлі де «күтуде тұрған» нысандар бар. Олар:
«Шоколад» тұрғын үй кешені — 100 үлескер,
«Құрылтай» тұрғын үй кешені — 190 үлескер,
«Diamond Park» тұрғын үй кешені — 141 үлескер.
«Diamond Park» жобасы бойынша «КГС Сауда» ЖШС-мен бірлескен қызмет туралы келісім жасалған. Құрылымдар тексеріліп, геологиялық және топографиялық зерттеулер жүргізілген, жобалау жұмыстары жүріп жатыр, құрылыс техникасы жеткізілуде», — деп түсіндіреді Рауан Шаймерденов.
Ресми мәлімдемелер үміт сыйлағанымен, үлескерлер үшін бұл әзірге тек «дайындыққа дайындалу» кезеңі ғана. Құрылыс жұмыстарының нақты аяқталу мерзімі тек жоспар деңгейінде қалып отыр.
Ал «Құрылтай» мен «Шоколад» тұрғын үй кешендері бойынша мәселені кезең-кезеңімен шешу жоспарланып отыр. Билік тілінде бұл көбіне істің тез бітпейтінін аңғартады.
Сонымен қатар, үлестік құрылыс саласындағы проблемалар әлі де өзекті. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органы бұл мәселені мойындап отыр. Парадокс — тәуекелі жоғары схемаға қарамастан, ол әлі де құрылыс салушылар арасында кеңінен қолданылуда. Атап айтқанда, азаматтардың ақшасын құрылыс толық аяқталмай жатып тартуға мүмкіндік беретін «брондау» тетігі жиі пайдаланылады.
Басқаша айтқанда, үйлер болашақ тұрғындардың қаражатына салынады, ал олар өз кезегінде жылдар бойы күтуге мәжбүр.
Мемлекет бұл саланы заңнамалық тұрғыда қатаңдатуға тырысуда. Бірқатар кодекстер мен заңдарға өзгерістер енгізілді:
— салынып жатқан үйлер бойынша алдын ала келісімшарттарға тыйым салынды;
— «Қазреестрде» тіркелмеген нысандарды жарнамалауға шектеу қойылды;
— тек қолма-қолсыз есеп айырысу енгізілді;
— Бірыңғай оператордың кепілдігінсіз ипотекалық несиелеуге шектеу белгіленді;
— «ҚЖК» АҚ базасында Үлескерлерді қолдау орталығы құрылды.
Алайда бүгінгі шынайы жағдай өзгермей отыр: бір нысан тапсырылды, үшеуі әлі проблемалы, ал жүздеген отбасы уәде мен сараптамалардың арасында өмір сүруде.