Munarmedia 27.01.2026 /Астана/ Сот алдында Тараз және Шымкент қалаларының тұрғындары жауап берді. Олар алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып, тұрғын үйге заңсыз кіріп, ірі көлемде тонау жасағаны және ұрлау ниетінсіз автокөлікті заңсыз айдап кеткені үшін кінәлі деп танылды.
Сот анықтағандай, 2025 жылдың шілде айында үш ер адам әдейі Астраханка ауылына келген. Түнгі уақытта беттерін бетпердемен жауып, құрамында хлоры бар газ баллонын қолдана отырып, ішінде төрт ересек адам мен үш жасар бала болған тұрғын үйге басып кірген.
Қаскөйлер ақша мен бағалы заттарды талап еткен. Қолма-қол қаражат пен зергерлік бұйымдарды иемденген соң, олар отбасы мүшелерін жертөлеге қамап, үй иесінің көлігімен оқиға орнынан қашып кеткен. Келтірілген материалдық шығынның жалпы көлемі 4,2 миллион теңгені құрады.
Сот екі айыпталушыға бұрын өтелмеген жаза мерзімдерін ескере отырып, ең жоғары қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемелерінде өтеу үшін 8 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үшінші сыбайласына орташа қауіпсіздік мекемесінде 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Сондай-ақ сот айыпталушылардан келтірілген материалдық залал мен моральдық зиянды өтеуді бірлесіп өндіру туралы шешім шығарды: екі жәбірленушінің әрқайсысына 2 миллион теңгеден өтемақы белгіленді.
Жеке қаулылар арқылы сот Жамбыл және Түркістан облыстарының полиция департаменттеріне шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдарға бақылауды күшейту қажеттігін көрсетті.
Аталған сот актілері әзірге заңды күшіне енген жоқ.