Munarmedia.kz 03.02.2026 /Astana Ақмола облысына қарасты Жібек жолы ауылында бірнеше адамның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы ақпаратты әріптестеріміз — NewTimes.kz жариялады.
БАҚ мәліметінше, Астанадан шамамен 25 шақырым жерде орналасқан елді мекенде ер адам өз ата-анасын, 18 жастағы жиенін және ағасын өлтірді деген күдікке ілінген.
Құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерде аталған оқиғаға қатысты шындыққа жанаспайтын ақпарат тарап жатқанын мәлімдеді. Алайда нақты қай деректердің жалған екені әзірге нақтыланбаған.
Ақмола облысы Полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын растады. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ресми органдар тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайтынын хабарлады.
Қайғылы оқиға қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырды. Тергеу нәтижелері алдағы уақытта белгілі болады.