Munarmedia.kz 27.09.2025 /Астана/ Ақмола облысында биылғы егін жинау науқаны сәтті аяқталуға жақын. Облыс диқандары егіс алқаптарының 70 пайызын жинап, 5 миллион тоннадан астам астық бастырды. Мұндай жоғары көрсеткіштер еліміздің негізгі астықты өңірі саналатын Ақмола облысының ауыл шаруашылығы әлеуетінің артып келе жатқанын айқын көрсетеді. Ел Президентінің биыл осы өңірге арнайы келуі де тегін емес — Ақмола өңірі бүгінде еліміздің астықты "алтын алқабы" мәртебесіне толық лайық.
Ауыл шаруашылығының дамуына ерекше серпін берген негізгі факторлардың бірі — заманауи технологияларды енгізу, ғылыми тәсілдерді тиімді қолдану және мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижелері. Бұған нақты дәлел ретінде «Максимовское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көрсеткіштерін келтіруге болады.
Аталған шаруашылық биылғы орақ науқанында гектарына 80-нен 115 центнерге дейін астық алды. Бұл — тек өңір ғана емес, республика көлемінде де рекордтық көрсеткіш. Шаруашылық директоры, көпжылдық тәжірибесі бар аграрий Александр Закусиловтың өзі мұндай өнімділікті күтпегенін айтады.
— Мұндай нәтиже кездейсоқтық емес. Бұл – жылдар бойғы еңбектің, дұрыс жоспарлаудың, ғылыми тәсілді дәл әрі уақтылы қолданудың, сондай-ақ мемлекеттің тиімді қолдауының жемісі, — дейді А.Закусилов.
Мамандардың пікірінше, биылғы орақ науқаны елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетті арттыруға айтарлықтай үлес қоспақ. Ақмола өңірінің тәжірибесі – аграрлық саладағы оң өзгерістердің айқын көрінісі әрі өзге облыстарға үлгі боларлықтай.
Астықты өлкенің әлеуеті артып келеді. Ендігі міндет – осы табысты тұрақты үрдіске айналдырып, аграрлық сектордың дамуын жүйелі түрде жалғастыру.