Қазақстанның Ақмола облысында Целиноград ауданының прокуратурасы қандастарды ерікті түрде қоныстандырумен айналысқан Еңбек мобильділігі орталығының жұмысында заң бұзушылықтарды анықтады.
Бас прокуратураның мәліметінше, көшіру шараларына бөлінген материалдық көмектің ұрлану фактілері тіркелген. Келтірілген залал көлемі 20 миллион теңгені құрайды.
«Қандастарға тұрғын үй сатып алу үшін бөлінген қаражат заңсыз пайдаланылғаны анықталды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлігінің 1-тармағы (ірі көлемде алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.
Материалдар экономикалық тергеп-тексеру органдарына жіберілді, ал прокуратураның қадағалау актісінің негізінде Ақмола облысының Еңбек мобильділігі орталығы мемлекетке келтірілген шығынды қайтару туралы сотқа талап-арыз берді.
Сондай-ақ, прокурорлар заң бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тартты.