Ақмола облысында жолаушылар пойызы 13 бас малды қағып кетті

7

Munarmedia.kz.19.09.2026.ASTANA. Ақмола облысында теміржолға шығып кеткен малдар жолаушылар пойызының қозғалысына кедергі келтірді. Оқиға салдарынан 13 бас мал қырылып, пойыз тоғыз минутқа тоқтаған.

Zakon.kz мәліметінше, оқиға 13 қыркүйекте Макинка–Елтай теміржол учаскесінде болған. Петропавл–Алматы бағытындағы жолаушылар пойызының машинисі теміржол бойында жүрген ұсақ малды байқап, шұғыл тежеу жүйесін іске қосқан. Алайда соған қарамастан пойыз малдарды қағып кеткен.

Көліктегі полиция департаменті мал иесін анықтады. Ол — Ақмола облысының 63 жастағы тұрғыны. Азамат теміржолдың бөлінген жолағында мал жаю ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ведомство дерегіне сәйкес, жыл басынан бері пойыздардың шұғыл тежеуіне қатысты 1005 жағдай тіркелген. Оның 746-сы ауыл шаруашылығы жануарларының теміржолға шығып кетуіне байланысты болған.

Мамандар мал иелерін теміржол маңында қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады. Өйткені теміржолға қараусыз шыққан мал пойыз қозғалысына қауіп төндіріп қана қоймай, жолаушылардың қауіпсіздігіне де әсер етуі мүмкін.

#АқмолаОблысы #Теміржол #ПетропавлАлматы #ЖолаушыларПойызы #МалШаруашылығы #Қауіпсіздік #Munarmedia

(Закон)