Munarmedia.kz 13.03.2026 /Astana/ – Көліктегі полицияның мәліметінше, Ерейментау – Алтынтау бағыты бойынша келе жатқан жүк пойызының машинисі теміржол үстінде тұрған үй жануарларын байқап, шұғыл тежеу қолданған.
Алайда соқтығысты болдырмау мүмкін болмаған. Пойыз 11 жылқыны қағып кеткен. Оқиға салдарынан құрам 23 минутқа жоспардан тыс тоқтауға мәжбүр болды.
Көліктегі полиция департаментінің хабарлауынша, жедел-іздестіру шаралары барысында шаруа қожалықтарының бірінде жұмыс істейтін 35 жастағы бақташы анықталды. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстанда пойыздардың шұғыл тежеуіне байланысты 234 жағдай тіркелген. Оның 61-і теміржолда адамдардың болуына байланысты болса, 167 жағдайда себеп – ауыл шаруашылығы жануарларының рельс үстіне шығуы.