Munarmedia.kz 08.01.2026 /Астана/–Үндеуге өрт сөндіру бөлімдері №5 және №20-ның жабылуы мүмкін деген ақпарат себеп болған. Аталған бөлімшелер Щучинск қаласында және Бурабай ауданында орналасқан.
Бейнеүндеу авторлары өрт сөндіру бөлімі №5-тің Щучинск қаласы мен оған іргелес елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті. Олардың айтуынша, өңірде пешпен жылытылатын тұрғын үйлер көп, орман алқаптары ауқымды, соның салдарынан өрт қаупі жоғары.
Сондай-ақ әйелдер өз жұбайларының басқа аудандарға ауыстырылуы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірді.
Бұл жағдайға байланысты Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, Бурабай ауданындағы өрт сөндіру бөлімдерінің (ПЧ-5 және ПЧ-20) штаттық бірліктері өңірлік ДЧС құрамына кіретін елорда маңындағы өрт сөндіру бөлімшелеріне қайта бөлінген.
Департамент өкілдері жеке құрамның ұйымдастырушылық өзгерістер туралы алдын ала хабардар етілгенін және қызметкерлердің жаңа бөлімшелерде қызметін жалғастыруға дайын екенін атап өтті.
Бұл шешім елорда маңындағы аудандарда халық санының өсуімен байланысты қабылданғаны айтылды. Ал Бурабай ауданында, керісінше, өртке шығу жүктемесі салыстырмалы түрде төмен. Атап айтқанда, 2025 жылы ПЧ-5 және ПЧ-20 бөлімшелері өрт оқиғаларына барлығы 27 рет ғана шыққан.
Сонымен қатар, өрт сөндіру бөлімдері №5 және №20 ғимараттары тиісінше 1956 және 1961 жылдары пайдалануға берілгені, қазіргі таңда олардың апатты жағдайда екені хабарланды.
Ведомство келтірген негізгі уәждердің бірі — бірнеше жыл бұрын Щучинск–Бурабай курорттық аймағында толық жабдықталған және мамандандырылған үш өрт сөндіру бөлімі салынған. Қазіргі уақытта дәл осы бөлімшелер Бурабай ауданының бүкіл аумағындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр.