Ақмола облысының тұрғыны заңды айналып өтпек болып, 300 мың теңгесінен айырылды

26

Munarmedia.kz 25.01.2026 /Астана/ Ақмола облысының тұрғыны күйеуіне көмектесу мақсатында заңды айналып өтпек болып, қаржылай шығынға ұшырады.

Оқиғаға сәйкес, әйел адам бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған жұбайының құжатын «қайтарып алу» үшін делдалдың көмегіне жүгінген. Ол бұл мақсатта кездейсоқ танысқан ер адамға 300 мың теңге берген. Бейтаныс азамат барлық мәселені қысқа мерзімде «реттеп беруге» уәде еткен.

Алайда уәде орындалмаған. Ақшаны алғаннан кейін ер адам байланысқа шықпай кеткен. Нәтижесінде жәбірленуші құқық қорғау органдарына арызбен жүгінуге мәжбүр болған.

Ақмола облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталған. Ол — 32 жастағы ер адам. Қазіргі уақытта оның аталған қылмысқа қатыстылығы тексеріліп жатыр.

Полиция өкілдері бұл жағдайды заңсыз жолмен мәселе шешуге тырысудың салдары ретінде бағалап, азаматтарды делдалдарға сенбеуге және құқықтық нормаларды қатаң сақтауға шақырды.