Ақмолада жетімнің құқығы қорғалып, баспанасы қайтарылды

25

Munarmedia.kz 07.01.2025 /Астана/ Ақмола облысында сот заңсыз түрде тұрғын үй алу кезегінен шығарылған балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушісінің құқықтарын қалпына келтірді.

Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот бұрынғы балалар үйі тәрбиеленушісінің «Отбасы банк» АҚ-ға қарсы тұрғын үй кезегіне қайта қою туралы талап-арызын қарады. Сот барысында анықталғандай, талап қоюшы 13 жасында ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, 2006 жылы балалар үйіне жіберілген. 2009 жылғы 17 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жетім балаларға теңестіріліп, тұрғын үй алу кезегіне міндетті түрде қойылуға тиіс болған.

Алайда бұл талап іс жүзінде орындалмаған. Балалар үйінде болған кезеңінде кәмелетке толмаған қыз тұрғын үй кезегіне қойылмаған. Бұл мәселе бойынша оған ешкім түсініктеме бермеген және тиісті бақылау да жүргізілмеген. Балалар үйінен шыққаннан кейін ол тек 2020 жылы ғана өз бетімен тұрғын үй кезегіне тұрған.

2025 жылғы 24 мамырдан бастап тұрғын үй бағдарламаларының операторы әрі құқықтық мирасқоры мәртебесін алған «Отбасы банк» АҚ ақпараттық жүйелерде тиісті мәліметтердің болмауына сілтеме жасап, кезекті қалпына келтіруден бас тартқан. Алайда Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі 2007–2009 жылдары ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үй кезегіне қою жұмыстары жүргізілгенін растады. Ал талап қоюшы тәрбиеленген балалар үйі 2019 жылы мұрағат құжаттарымен бірге таратылған.

Сот аталған жағдайларға нақты құқықтық баға беріп, кәмелетке толмаған қыз 2009 жылғы 17 шілдеден бастап тұрғын үй кезегіне қойылуға тиіс болғанын атап өтті. Сот шешімімен әкімшілік талап-арыз қанағаттандырылып, «Отбасы банк» АҚ балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушісін мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу кезегіне 2009 жылғы 17 шілдеден бастап қалпына келтіруге міндеттелді.

Сонымен қатар, сот шешімнің дереу орындалуын талап етіп, азаматтың 16 жыл бойы өз құқығының бұзылғанын білмей келгенін ерекше атап өтті.