Тоқаев әкімшілігі АҚШ-тағы сайлау қарсаңында Республикалық партияның тамырын басып, дипломатиялық байланыстарды нығайтуда деп жазады Fragment дереккөзі. Бұған атышулы Доналд Трамптың билікке қайта келуі мүмкін деген әңгімелер әсер етсе керек.
Уашингтондағы саяси ахуал Дөкеңнің бұл жолғы сайлауда есесін жібермесін аңғартып отыр. Аналитикалық орталықтар Трамптың сайлауда жеңіске жету мүмкіндігін 55.6 пайызға бағалаған. Бұл көрсеткіш оның Oval Office-ке қайта оралуы үшін жеткілікті болуы ғажап емес.
Оның аяғына оратылған түрлі сот процестері де кейінге шегерілген. "Ең алдымен Әмірика" дейтін ұстанымға адал Трамп республикашылдардың жетекші кандидаты.
Fragment-ке жеткен мәлімет бойынша Ақорда АҚШ-тағы сайлау алдында Уашингондағы республикалық партияның белді өкілдері және ықпалды лоббистерімен тіл табысуға тырысуда.
"Тоқаев АҚШ пен Батыстан бас тартпайды. Оның түрлі тараптар арасында маневр жасауы, соның ішінде Ресейді айналып өтетін жаңа сауда маршрут көзін іздеуі, Кремльдің доминациясын болдырмау мақсатында жасалуда" дейді сарапшылар.
Трамп Бейжің мен Мәскеудің экспансиясын тежеу бағытын ұстанады деп күтілуде, бұл Қазақстанға АҚШ-пен байланысты нығайту үшін қосымша мүмкіндік бермек.