Munarmedia.kz 18.03.2026 /Astana/ – Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді.
«Кубада жағдай өте нашар. Жақын арада біз бұл елге қатысты белгілі бір шаралар қабылдаймыз, біз осы бағытқа назар аударып отырмыз», – деді Ақ үй басшысы.
Соңғы уақытта Кубадағы әлеуметтік-экономикалық ахуал күрт нашарлағаны байқалады. Елде электр энергиясының жаппай өшуі тіркеліп, тұрғындар ұзақ уақыт жарықсыз қалған. Сарапшылар мұны ең алдымен ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан экономикалық шектеулермен және инфрақұрылымның тозуымен байланыстырады.
Атап айтқанда, АҚШ тарапынан енгізілген санкциялар Кубаның энергетикалық және өнеркәсіптік секторына айтарлықтай әсер етіп отыр. Соның салдарынан отын тапшылығы күшейіп, электр станцияларының жұмысы жиі тоқтап қалуда.
Халықаралық сарапшылар Вашингтонның бұл мәлімдемесін аймақтағы геосаяси жағдайдың шиеленісуінің белгісі ретінде бағалап отыр. Сонымен қатар, мұндай қадамдар Кариб теңізі аймағындағы тұрақтылыққа әсер етуі мүмкін деген алаңдаушылық та бар.