Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

АҚШ пен Ұлыбритания өз азаматтарын Ливаннан дереу кетуге шақырды

25

Таяу Шығыста жағдай ушыққан шақта АҚШ-тың Бейруттағы елшілігі сенбі күні өз азаматтарын "кез келген билетпен" Ливаннан кетуге шақырды. Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми де Ливанда жүрген британдықтарға осыған ұқсас үндеу тастады.

Бұған дейін Иран 31 шілдеде Тегеранда өлтірілген ХАМАС (АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым танылған) жетекшілерінің бірі Исмаил Ханияның қазасы үшін Израильден "кек алатынын" мәлімдеген. Израиль Ханияның өлімін мойнына алмаған. Дегенмен Ханияның қазасы жарияланбай тұрып бірнеше сағат бұрын Израиль Бейрутта "Хезболла" радикалды ұйымының жетекшісі Фуад Шукрдың көзін жойғанын хабарлаған.

Америка елшілігі 3 тамыз күнгі хабарламасында Ливанда қалғысы келетін АҚШ азаматтарына оқыс оқиғаларға дайын болуға, ұзақ уақыт жасырын жерде болуға дайын болуға үндеген. Елшіліктің хабарлауынша, бірқатар әуе компаниялары Ливанға рейстерін тоқтатқан, бірақ коммерциялық тасымалдаушылар әлі де бар.

Ал АҚШ қорғаныс министрлігі Израильге Ираннан қорғану үшін Таяу Шығысқа қосымша әскери кемелерін жіберетінін хабарлады.

Ұлыбритания билігі де өз азаматтарын коммерциялық рейстермен Ливаннан кетуге шақырды. Лондон Ливандағы азаматтарына эвакуацияға көмектесу үшін қосымша әскери және дипломатиялық қызметкерлерін жіберетінін хабарлады.

Иранның Израильден "кек алуына" Тегеранды қолдайтын Ливанда шоғырланған "Хезболла" тобы көмектесуі мүмкін деген болжам бар. Ал оған жауап ретінде Израиль қатаң қимылдап, жағдай ушығуы мүмкін деген қауіп айтылады.

Биыл Сирияда Израиль соққысынан ирандық әскери кеңесшілер қаза болғаннан кейін Иран Израильге ракетамен жаппай соққы жасаған. Израильге қарсы бағытталған барлық дрон мен ракета атып түсірілді, адам өлімі болмады.

Израиль мен ХАМАС арасында қақтығыс 2023 жылы 7 қазанда аталған радикал топ Израильге шабуылдағаннан кейін ушыққан. Израиль бұған жауап ретінде Газа секторында ХАМАС-қа қарсы әскери операция бастаған.