Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

АҚШ Қазақстандағы қолөнерді қолдауға бағытталған жаңа қор құрады

94




АҚШ пен Қазақстан арасында жаңа қор құру туралы келісімге қол жеткізілді. Бұл жолғы жоба мұнай мен газға емес, ұлттық мұра мен мәдениетке қатысты. АҚШ-тың Смитсонов институтының (Вашингтон) Халық мәдениеті мен мұрасын сақтау орталығы Қазақстандағы қолөнерді қолдау мақсатында «Kazakhstan Artisan Initiative» атты жобаны бастады. Жоба аясында Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау үшін арнайы Қор құрылмақ.


Жоба Chevron компаниясы мен Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігінің қолдауымен жүзеге асып жатыр. Алғашқы қадамдар да жасалды: Смитсонов институтының сарапшылары Түркістан, Шымкент, Тараз, Шәуілдір, Алматы қалаларында болып, тәжірибелі және жас шеберлердің шеберханаларын аралап, Тараздағы «Аспара» сәндік өнер және бизнес колледжінің студенттерімен кездесті.

– Бүгінгі таңда басты мәселе – мәдениеттің өміршеңдігі, – дейді сапарға қатысқан сарапшы Слоан Келлер. – Біз экожүйелік тәсілді қолдана отырып, жобаны кешенді түрде жүргіземіз. Тек бір немесе екі мәселені қарастырмай, мәдени экожүйенің барлық элементін қамту маңызды. Бұл – білім беру, дәстүрді жеткізушілер, нарыққа шығу мүмкіндігі, шеберлердің танымал болуы және БАҚ-пен байланыс. Біз үшін нәтиже маңызды.

Сапар барысында америкалық мамандар бірқатар қазақстандық шеберлерді АҚШ-қа кәсіби іссапарға шақырды. Олар Нью-Мексико штатындағы Санта-Фе және Аризона штатындағы Тусон қалаларына барады.

Санта-Феде 2004 жылдан бері әлемдегі ең ірі халық өнері жәрмеңкесі өтеді. Бұл шара бүгінде қолөнер саласындағы «Оскар» саналады. Ал Тусон – Алматының алғашқы бауырлас қаласы (1989 жылдан бастап). Сарапшылардың айтуынша, екі өңірді байланыстыратын ортақ қасиет – қолөнерге жақындық.


– Тусонға сапар ерекше пайдалы болады, – дейді Слоан Келлер. – Өйткені бұл аймақта жергілікті америкалықтардың бай қолөнер дәстүрі бар. Қазақстандық шеберлер мен жергілікті халық өкілдерінің тәжірибе алмасуы екі жаққа да үлкен мүмкіндік береді.

Жобаның келесі кезеңінде америкалық шеберлер Алматыға келіп, әріптестік байланыстарын нығайтады. Бұл сапар 2025 жылдың күзіне жоспарланып отыр. Қыркүйек айында Алматыда «Әлемдік шеберлер қаласы» мәртебесінің ресми инаугурациясы өтеді. Айта кетейік, бұл атақ Алматыға бірден екі бағыт бойынша берілген – зергерлік өнер және музыкалық аспап жасау.

Халықаралық фестиваль аясында Тусон қаласынан келген қолөнершілер де қатысады. Жоба негізінен жастарға бағытталған. Бұл туралы Қазақстан шеберлер одағының төрайымы Айжан Бекқұлова мәлім етті.

– Бұл үш жылдық бағдарлама жас шеберлерді қолдауға арналған, – дейді ол. – 2005 жылы «Еуразия» қорының қолдауымен Қазақстандағы қолөнер саласының жағдайы зерттелді. Сол кезде еліміз бұл салада Орталық Азия бойынша соңғы орында тұрғаны анықталды. Жас буынның қызығушылығы төмен еді. Бірақ біз шеберлік мектебін құрып, оны дамытуға тырыстық. Мемлекет тарапынан қолдау болса, арнайы қолөнер орталығы құрылса, бұл істі кеңінен дамытуға болады.

Слоан Келлердің айтуынша, қолөнер шеберлері – тек әсем бұйым жасайтын мамандар емес, сонымен қатар халық мәдениетін жеткізушілер.

Осы мақсатта – дәстүрлі білімді сақтау үшін – Қазақстанның Мәдени мұра Қоры құрылмақ.

– Қазақстанның бай мәдени мұрасы – көшпелі өмір салты мен өркениеттер тоғысындағы географиялық орнының нәтижесі, – деді Chevron компаниясының Еуразиядағы бөлім басшысы Дерек Магнесс. – Бұл мұра қолөнер, музыка, әдебиет пен салт-дәстүрден көрініс табады. Жаңа қор осы бай мұраны сақтауға және халықаралық ынтымақтастық пен шығармашылыққа жол ашады.

Фото: Роман Либерчук