Munarmedia.kz 18.06.2026. ASTANA – АҚШ-тың Калифорния штатында Қазақстан азаматы Еламан Балтагерей терроризмге қатысы болуы мүмкін деген күдікпен ұсталды.
АҚШ Иммиграция және кедендік бақылау қызметінің (ICE) мәліметінше, операция 5 маусым күні Калифорниядағы Коммерс қаласында жүргізілген. Ұстау шарасына Федералдық тергеу бюросы (FBI) мен өзге де федералдық ведомстволар қатысқан.
Америкалық құқық қорғау органдары Еламан Балтагерейді «белгілі немесе терроризмге қатысы бар деген күдік келтірілген тұлғалар» санатына жатқызған.
ICE таратқан ақпаратқа сәйкес, бұған дейін сот Қазақстан азаматын елден шығару туралы шешім қабылдаған. Алайда ол сот тыңдауына келмегендіктен іздеуге жарияланған. Осыған байланысты Балтагерейге қатысты депортациялық рәсімдер толық аяқталғанға дейін қамауда ұстау туралы шешім қабылданған.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі аталған жағдайдан хабардар екенін және оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатқанын мәлімдеді.
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев мұндай жағдайларда алдымен тергеу амалдары жүргізіліп, кейін сот процестері өтетінін атап өтті.
Әзірге Еламан Балтагерейге нақты қандай айып тағылғаны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ. АҚШ билігі тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеді.
#АҚШ #Калифорния #ЕламанБалтагерей #ICE #FBI #Қазақстан #СІМ #Қауіпсіздік #Тергеу #Munarmedia