АҚШ-та жасанды интеллект мұғалімді ауыстырды. Ал Қазақстан ше?

33



Munarmedia.kz | 11.10.2025 | Астана Техас штатында алғаш рет жасанды интеллект мұғалімнің орнын толықтай басқан мектеп ашылды. Оқу ақысы жылына 40 мың доллардан басталады. 4–5 сынып оқушылары күніне екі сағат экран алдында отырады — тапсырмаларды алгоритмдер олардың деңгейіне сай іріктеп береді. Сыныптағы ересектер — тек «гидтер», яғни сабақ түсіндірмейді, тек балаларды мотивациялап отырады.

Ал Қазақстан ше? Қазірдің өзінде мектептер мен жоғары оқу орындарында жасанды интеллект элементтері жылдам енгізіліп жатыр. Қарап отырсақ, бұл — бізге де келе жатқан келешек. Бюджетке тиімді: мұғалімдердің жалақысын көбейтудің қажеті жоқ, жаңа мектептер салмай-ақ қоюға болады. Балалар үйлерінде отырып-ақ GPT-пен білім алады…

Бірақ мұндай жүйенің салдары қандай болмақ? Сарапшылардың айтуынша, бұл тәсілдің кері жағы — әлеуметтік дағдылары қалыптаспаған, нейрожелісіз сөйлей алмайтын тұйық ұрпақтың қалыптасуы. Олар үшін нағыз адаммен бетпе-бет сөйлесу — стресс, көшеге шығу — ерлікке айналуы мүмкін.

Технология дамығаны жақсы. Бірақ адам факторын ысырып тастап, болашақ ұрпақты тек кодтармен тәрбиелеу — қауіпті тәжірибе. Жасанды интеллект көмекші бола алады, бірақ ол ешқашан баланың көзіне қарап жылы сөз айтатын мұғалімді алмастыра алмайды.