Munarmedia.kz | 18.06.2025 / Астана-АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет Пентагонның Таяу Шығысқа қосымша әскери күштер мен қару-жарақ жіберу туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Министрдің айтуынша, бұл шешім өткен демалыс күндері қабылданған.
🔻 Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, бұл қадам – АҚШ-тың аймақтағы әскери қызметкерлерін қорғауға бағытталған. Хегсет бұл шара Вашингтонның өңірдегі қорғаныс қабілетін күшейтуге көмектеседі деп санайды.
🔻 «Мен Америка Құрама Штаттарының Орталық қолбасшылығы жауап беретін аймаққа қосымша күштер мен құралдарды орналастыру туралы бұйрық бердім», – деп жазды Пит Хегсет өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
🔻 АҚШ-тың бұл әрекеті Израиль мен Иран арасындағы әскери қақтығыстардың күшеюімен тұспа-тұс келіп отыр. 13 маусымға қараған түні Израиль Иранға қарсы «Халық – арыстандай» атты әскери операциясын бастаған болатын. Бұл шабуыл Иранның ядролық нысандарына бағытталды.
Жауап ретінде Тегеран жүздеген зымыран ұшырды, ал Израильдің әскери-әуе күштері иран аумағындағы нысандарды атқылауды жалғастырды. Қазірдің өзінде екі тарап арасындағы қақтығыс Таяу Шығыстағы тұрақтылыққа елеулі қауіп төндіріп отыр.
🔹АҚШ-тың бұл шешімі өңірдегі шиеленісті одан әрі ушықтыруы мүмкін деген болжамдар айтылуда. Дегенмен Вашингтон бұл әрекетін тек қорғаныс мақсатында қабылданған шара деп сипаттауда.