Munarmedia.kz 02.10.2025 /АСТАНА/ Түрікменстан мен Ирак арасындағы газ жеткізу жөніндегі келісім АҚШ-тың қысымынан кейін тоқтатылды. Бұл туралы «Türkmen ýigidi Serdar» телеграм-арнасы «Reuters» агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Ашхабад пен Бағдат бұл мәселені 2023 жылдан бері талқылап келген және тараптар келісімге келгендей көрінген. 2024 жылдың қазан айында Ирактың Электр энергетика министрлігі Түрікменстаннан газ импорттау туралы келісімге қол қойылғанын мәлімдеген. Құжатқа сәйкес, жаз мезгілінде Ирак күніне 20 миллион текше метрге дейін, ал қыста 10 миллион текше метрге дейін түрікмен газын импорттауы тиіс болатын. Газ жеткізу своптық схема бойынша жүзеге асуы тиіс еді: Түрікменстан газы Иранның солтүстігіне жіберіліп, ал Иран дәл сондай көлемдегі өз газын Иракқа тасымалдауы керек болатын.
Алайда, бұл келісімді жүзеге асыруға АҚШ тосқауыл қойды.
«Түрікмен схемасының орындалуын жалғастыру ирактық банктер мен қаржы ұйымдарына қарсы санкцияларға алып келуі мүмкін. Сол себепті келісім қазіргі таңда тоқтатылды», — деп хабарлаған «Reuters» агенттігіне Ирак үкіметіндегі дереккөз.
АҚШ-тың Қаржы министрлігі бұл жайтқа қатысты түсініктеме беруден бас тартты. Дегенмен, жағдаймен таныс америкалық дереккөз агенттікке берген сұхбатында, Дональд Трамп әкімшілігі Иранға пайда әкелуі мүмкін қандай да бір келісімді мақұлдамайтынын жеткізген. Сонымен қатар, АҚШ Ирактың энергетикалық қажеттіліктерін өтеу бағытында жеке жұмыс жүргізіп жатқанын да атап өткен.
Аналитиктердің пікірінше, бұл оқиға Түрікменстанның Ирак газ нарығына шығуға жасаған талпынысының сәтсіз аяқталғанын білдіреді. Бұған дейін Ашхабад Иран арқылы Әзербайжанға газ жеткізудің своптық схемасын сәтті іске асырған. Алайда Бағдатпен жасалған ұқсас келісім орындалмай қалды.