Ақтөбе облысындағы Кенқияқ тұрғындары газ бағасының күрт қымбаттауына наразылық білдірді

18

Munarmedia.kz 01.02.2026 /Астана/ Ақтөбе облысындағы Кенқияқ кентінің тұрғындары тұрмыстық газ бағасының ешқандай ескерту мен негіздемесіз күрт өскенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, бағаның қымбаттауы қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызған. Осыған байланысты тұрғындар прокуратурадан жағдайды тексеріп, «заң аясында» шешім қабылдауды, сондай-ақ облыс басшылығы мен жергілікті мұнай компаниялары өкілдерінің қатысуымен халықпен ашық жиналыс өткізуді талап етіп отыр.

Азаматтық белсенді Ардақ Құбаштың жазуынша, 2026 жылдың қаңтар айынан бастап Кенқияқ кентінде тұрмыстық газ бағасы бірнеше есеге бірден көтерілген.

«Нақты айтсақ, жеке үйлерде газ төлемі 30 мың теңгеден 50 мың теңгеге дейін өссе, көпқабатты үйлерде 25 мың теңгеге дейін жетті. Бұл баға өсімі бойынша ешқандай алдын ала ескерту болған жоқ, ресми хабарлама, қаулы немесе түсіндірме берілмеді. “ТехноГаз” компаниясы да, әкімдік те нақты жауап ұсынбай отыр», — деп жазады Ардақ Құбаш.