Ақтөбеде 14 жастағы оқушы қыз сабақ үстінде босанды

71

Munarmedia.kz.15.10.2025 ж. /Астана/-Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына қарасты Ұйл (Уил) ауылында елді есеңгіреткен оқиға тіркелді. Сабақ үстінде 14 жастағы мектеп оқушысының толғағы басталып, ол тікелей сыныптан перзентханаға жеткізілген.

Мектеп әкімшілігі мен мұғалімдер, тіпті жақын туыстары да осы уақытқа дейін қыздың жүкті екенін білмеген. 13 қазан күні жасөспірім қыз ұл баланы дүниеге әкелді. Сәбиді туыстары өз қамқорлығына алған. Ал қыздың жағдайы дәрігерлердің айтуынша, қанағаттанарлық.

Мектеп директорының айтуынша, ол 9-сыныпта оқиды, үлгілі, сабырлы, қоғамдық өмірге белсенді қатысатын оқушы болған.

«Мектеп формасымен жүретін, ешқашан сабақтан қалмайтын. Мұғалімдер күн сайын көріп жүрген қыз еді. Мұғалімдер күніне арналған концертте би билеп, сахнаға шыққан. Физкультура сабағында да белсенді болатын. Кеше сабақ кезінде іші ауырғанын айтып, жылап қалды. Ауруханаға апарғанда дәрігерлер 39 апталық жүкті екенін айтты, сосын босану басталды», — дейді мектеп директоры.

Тағы бір сорақысы – қыркүйек айында қыз толық медициналық тексеруден өткен, бірақ дәрігерлер жүкті екенін анықтай алмаған.

Қазір облыстық денсаулық сақтау басқармасы арнайы комиссия құрып, қызметтік тергеу басталғанын хабарлады.

Полиция да істі тергеуге кірісті. Күдікті ретінде қыздың туған емес атасы — яғни әжесінің күйеуі ұсталған.

«Күдікті анықталып, қамауға алынды. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды», — деп мәлім етті облыстық полиция департаменті.

Бұл оқиға елімізде жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылықтың қаншалықты терең әрі жасырын сипатқа ие екенін тағы да көрсетті.
Қоғам мұндай қылмыстарға бейжай қараса, ең қорғансыздардың — балалардың тағдыры осылай аяқтала бермек.